АҚШ пен Иран Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға қатысты ықтимал келісім бойынша ілгерілеу барын мойындағанымен, тараптар жылдам мәміле жасалады деген үмітті бәсеңдетіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен жасалатын келісім «өте үлкен әрі маңызды» болады немесе мүлде болмайды деп мәлімдеді. Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бакаи Вашингтонмен келіссөздерде белгілі бір прогресс барын айтқанымен, түпкілікті келісімге әлі қол жетпегенін жеткізді.
Қазіргі келіссөздегі ең күрделі түйіндердің бірі Иранның ядролық бағдарламасы. Тегеран тарапы ядролық мәселе бастапқы келісімнің негізгі бөлігі емес, кейін бөлек талқыланатын тақырып екенін алға тартады. Иран ақпарат құралдары да Тегеран ядролық қорды беру, жабдықтарды бөлшектеу немесе нысандарды жабу жөнінде нақты міндеттеме алған жоқ деп жазып жатыр.
Ал америкалық дереккөздер, керісінше, ұсынылып отырған келісімнің маңызды бөлігі Иранның жоғары байытылған уран қорынан бас тартуымен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да кез келген түпкілікті келісім Иранның ядролық қаупін толық жоюы тиіс деп отыр. Оның түсіндіруінше, бұл уран байыту нысандарын бөлшектеу және байытылған ядролық материалды Иран аумағынан шығару дегенді білдіреді.
Екінші үлкен мәселе – Ормуз бұғазы. Бұл әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды су жолы. Соғыс басталғалы бері Иран бұл бағыттағы бақылауын күшейтті. Тегеран кемелер оның әскери құрылымдарынан рұқсат алуы керек деген ұстанымда. Трамп болса ықтимал келісім аясында Ормуз бұғазы азаматтық кеме қатынасы үшін қайта ашылады деп мәлімдеді.
Дегенмен Иранға жақын ақпарат құралдары келісім жасалған күннің өзінде бұғаздың мәртебесі соғысқа дейінгі қалпына толық оралмайтынын жазып отыр. Сонымен қатар Иран америкалық теңіз блокадасы да 30 күн ішінде толық алынуы керек деп есептейді.
Үшінші түйін – санкциялар мен бұғатталған активтер. Иран ұзақ жылдан бері АҚШ санкциялары аясында тоқтатылған қаражатын босатуды талап етіп келеді. Тегеран алғашқы кезеңнің өзінде мұздатылған активтердің кемінде бір бөлігіне қол жеткізуі керек деген шарт қойып отыр. Иран тарапы бұл мәселе шешілмей, келісімге қол қою қиын екенін аңғартады.
Fars агенттігінің мәліметінше, ықтимал мәміле АҚШ-тың мұнай, газ және мұнай-химия саласына қатысты санкцияларын келіссөз кезеңінде уақытша жеңілдетуді де қамтуы мүмкін. Бұл Иран үшін экономикалық тыныс ашатын маңызды тармақ саналады.
Тағы бір маңызды бағыт – Ливан. Израиль АҚШ арағайындығымен жасалған атысты тоқтату келісіміне қарамастан, Ливан аумағындағы «Хезболла» нысандарына соққы беріп келеді. Иран кез келген бітім барлық майданды, соның ішінде Ливанды да қамтуы керек дейді. Тегеранның ұстанымынша, аймақтағы соғысты бөлшектеп тоқтату тұрақты нәтиже бермейді.
Cоғыс тоқтап, санкция жеңілдесін
Иран өкілі Бакаи қазіргі кезеңде ядролық мәселенің детальдарын емес, барлық майданда соғысты тоқтату қажеттігін бірінші орынға қойып отырғанын айтты. Бұл мәлімдеме Тегеранның келіссөзді тек ядролық бағдарлама шеңберінде емес, кең аймақтық қауіпсіздік пакеті ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Қазір тараптар бір-біріне сақтықпен қарауда. АҚШ үшін басты мәселе – Иранның ядролық әлеуетін шектеу және Ормуз арқылы мұнай тасымалын қалыпқа келтіру. Иран үшін негізгі талап – соғысты тоқтату, санкцияны жеңілдету, бұғатталған активтерді қайтару, мұнай экспортын ашу және аймақтағы әскери қысымды азайту.
Сондықтан келісімге апаратын жол бар сияқты көрінгенімен, ол оңай болмайды. Әр тармақтың артында тек дипломатиялық сөйлемдер емес, мұнай нарығы, Израиль қауіпсіздігі, Парсы шығанағы монархияларының мүддесі, Ливан майданы және Иранның ішкі саяси беделі тұр. Таяу Шығыстағы бұл келіссөз бір құжатпен аяқталатын қарапайым мәміле емес, бүкіл аймақтың күш балансын қайта есептейтін үлкен геосаяси саудаға айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







