Қазақстанда теңге бағамын есептеу, зейнетақы активтерін басқару және қаржы есебіне қатысты бірқатар өзгеріс қабылданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк басқармасы 2026 жылғы 24 маусымда Астанада өткен отырыста қаржы нарығына қатысты маңызды шешімдер пакетін бекітті. Өзгерістер валюта нарығын, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын, инвестициялық монеталарды және 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамды қамтиды.
Алдымен теңгенің шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу тәртібі жаңарды. Ұлттық банк күн сайын ресми бағам есептеп, жариялайтын валюталар тізімі 39-дан 48-ге дейін кеңейді.
Реттеушінің түсіндіруінше, мұндай шешім Қазақстанның сыртқы сауда құрылымындағы өзгерістерді ескере отырып қабылданған. Сонымен қатар трансшекаралық төлем көлемі мен азаматтар, компаниялар тарапынан түсетін сұраныс та назарға алынған.
Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына да түзету енгізді. Өзгерістер басқарушылардың инвестициялық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Негізгі мақсат, зейнетақы активтері портфелін әртараптандыру және тәуекел теңгерімін сақтау.
Реттеуші мұндай шаралар ұзақ мерзімде қазақстандықтардың зейнетақы активтері бойынша нақты табыстылықты арттыруға ықпал етеді деп күтеді. Яғни зейнетақы жинағы тек сақталып қана қоймай, инфляциядан жоғары табыс әкелуі тиіс.
Отырыста «БЖЗҚ» АҚ директорлар кеңесінің жаңа құрамы да толық бекітілді. Кеңес үш жыл мерзімге сайланды. Құрам халықаралық ESG стандарттары мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының корпоративтік басқару жөніндегі ұсынымдары ескеріле отырып жасақталған.
Сонымен қатар Ұлттық банк 2027 жылы айналымға шығарылатын жаңа инвестициялық монеталардың дизайны мен дайындау параметрлерін бекітті. Мұндай монеталар инвестициялық құрал ретінде де, ұлттық валюта мәдениетін танытатын өнім ретінде де маңызды.
Қаржы есебі саласында да өзгеріс бар. Ұлттық банк бухгалтерлік есеп қағидаларын жаңартып, нормативтік актілерді Қазақстан Конституциясына, жаңа Цифрлық кодекске және шағын әрі орта бизнеске арналған халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сәйкестендірді.
Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық болжам қайта қаралды. Жаңа болжам қазіргі экономикалық жағдай, сыртқы нарықтағы өзгеріс және ішкі қаржы жүйесіндегі үрдістер ескеріле отырып жаңартылған.
Ұлттық банктің бұл шешімдері қаржы нарығын нақты дерекке бейімдеп, зейнетақы активтерін тиімді басқаруға және ұлттық валютаның ресми бағамын белгілеу жүйесін кеңейтуге бағытталған. Өзгерістер валюта нарығы мен зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін маңызды болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







