Қазақстанға теріскейден түрлі «инфоцыған», псевдожурналист, поп-жұлдыз мен пропагандистерді тоқтаусыз тарту кейбір ықпалды адамдардың санасындағы «стокгольм синдромының» белгісі.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, Кеңес Одағы күйрегелі бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, қоғамның кей өкілі әлі күнге дейін сол дәуірдің идеологиясын сағынады.
«Осы уақытта мүлде жаңа буын өсіп жетілді. Қоғам өзін-өзі тану, деколонизация кезеңін басынан кешіруде. Бірақ кейбір бизнесмендер мен элита өкілдері осы үрдісті әлі толық қабылдамаған тәрізді. Олар мемлекет қаржысын да, жеке қаржысын да көрші елдің инфоцығандары мен пропагандистерін шақыруға шашып жүр. Халықаралық форум өткіземіз деп жүргендер әлемнің түкпір-түкпірінен интеллектуалды, мәдени өнім беретін шын мәніндегі тұлғаларды әкелуі керек еді. Алайда бұлар Қазақстанға маңайлатуға болмайтын персоналарға қызыл кілем төсеп мәз», – дейді ол.
Саясаттанушының бүй деуіне ресейлік коуч, инфоцыған Алексей Ситниковтың Алматыдағы атышулы Жанна Кан ұйымдастырған әйелдер форумындағы сөзі себеп болған.
Ресейден келген мейман Кремль көсемін «жеңілмейтін тұлға» деп сипаттап, оны бүкіл әлемге әсер етуші құдіретті күш ретінде дәріптеген еді. Ситниковтың сөзі басқыншы елдің ешбір әрекетін қолдамайтын қазақ қоғамында шу туғызып жатыр.
«Мұндай спикерлердің елге келуі өте қауіпті үрдіс. Бұлар Ресейдегі зомби-жәшікпен әлдеқашан біте қайнасып, соғыс пен агрессияның синониміне айналып кеткен. Қазақстанда бұларға қарсы мәдени және ақпараттық иммунитет қалыптасуы керек еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, біздің кейбір азаматтар оларға әлі күнге дейін аузын ашып, таңырқай қарайды», – дейді Досым Сәтпаев.
Сарапшы мұндай тұлғаларға әлі де алаң беріліп жатқанын «менталды бодандық» деп бағалайды. Оның пікірінше, бүгінгі таңда Қазақстан қоғамының алдында тұрған ең басты міндет сананы деколонизациялау.
«Егер ел элитасы шынымен құлдық санадан арылған болса, мұндай форумдарға соғыс насихатшысын емес, интеллектуалды мазмұн беретін сауатты спикерлерді шақырар еді. Бетін аулақ, ертең алай-бұлай заман орнаса кешегі форумда сарнап отырған ресейлік спикерлер Қазақстанға қарсы шабады», – дейді саясаттанушы.
Оның сөзін қостаған желідегі жұрт та билікке базына айтып, мұндай қауіпті тенденцияға тосқауыл қоюға шақырып жатыр.