Генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің Алматы облысының әкіміне тағайындалуы президент Тоқаевтың кадр саясатындағы тың үрдісті айшықтай түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев күштік құрылым өкілдерін өңірлерге жіберудің стратегиялық мәні мен маңызына арнайы тоқталды.
Сарапшы белгілі бір өңірдегі тәртіпті күшейту үшін погон таққан тұлғаны тағайындау өзін-өзі ақтайтын шешім деп отыр. Пікірінше, Әрінов секілді кадрларға орындаушылық тәртіп, нақтылық, жергілікті элитамен ым-жымының жоқтығы және «Заң мен тәртіп» қағидатына адалдық тән.
Оның үстіне, әлеуеті бар кадрларды алыс-жақын облыстарда шыңдау Астана үшін жаңа басқарушылар легін дайындауға мүмкіндік береді.
«Әріновке күштік саланың тар шеңберінен шығып, универсал саяси басқарушылар сапына қосылуға мүмкіндік беріліп отыр», – дейді саясаттанушы.
Ақмоладағы табысты тәжірибе: Тоқаевтың көңілінен шыққан Ахметжанов
Сарапшы сәтті кейс ретінде соңғы үш жыл бойы Ақмола облысын басқарып отырған Ішкі істердің экс-басшысы, генерал Марат Ахметжановты алға тартты. Айтуынша, Тоқаев өз тапсырмасын мүлтіксіз орындайтын әкім-қараларды жоғары бағалайды, Ахметжанов дәл осы үдеден шыға білген.
2025 жылы өңір экономикасы 2023 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге жуық өсіп, жалпы өңірлік өнімді 2029 жылға қарай екі есе арттыру межесі нақты орындалуға жақын.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өндірісінің өсу қарқыны жағынан республикада көш бастаған. Өңір диқандары 7,6 миллион тонна астық жинап, бұл жалпыұлттық өнімнің төрттен бір бөлігін құрады. Жиналған өнімнің тең жартысы әлемнің 22 мемлекетіне, соның ішінде Еуропа елдеріне экспортталған.
Аймақта ауыл шаруашылығын терең өңдеу жұмыстары да қарқын алған. Аршалы ауданында қытайлық Dalian Hesheng Holdings корпорациясымен бірлесіп астықты терең өңдейтін зауыт пен қоймалар кешені бой көтеруде. Ал Ерейментау ауданында 20 мың басқа арналған үш репродуктор мен 30 мың басқа арналған бордақылау алаңын қамтитын ет кластері жүзеге асуда.
Инфрақұрылым және халықтың сенімі
Кейінгі үш жыл ішінде Ақмола өңірінде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ Қайтарылған активтер есебінен 46 млрд теңгеге 47 инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылған. Соның ішінде Зеренді ауылында 2,1 миллиард теңгеге спорт мектебі, ал Көкшетауда 12,6 миллиард теңгеге заманауи «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені салынған.
Саясаттанушы Ахметжановтың мемлекеттік стратегияны терең түсінетін шаруақор маман ретінде танылғанын, тіпті төтенше сәтте батыл шешім қабылдай білетінін атап көрсеткен екен. Мәселен, 2023 жылдың жазында Астанада банк бөлімшесіндегі кепілге алынған адамдарды босатуға Ахметжановтың жеке өзі қатысқан.
«Әкімдікте де әлгі табанды мінезін сақтап қалды. Бастапқыда жергілікті жұртшылықта «бұрынғы полицей өңірді ісін алып кете ала ма?» деген күмән болған еді. Алайда ол бұл сынақтан сүрінбей өтіп, тұрғындар арасында үлкен беделге ие болды. 2025 жылы Тоқаевтың қолынан «Барыс» орденін алып, өзін жұмыс істей білетін, нәтижелі шенеунік ретінде дәлелдеді», – деп жазды сарапшы.
Айтуынша, күштік құрылым өкілдеріне деген бұрынғы қасаң түсініктер жойылып, салада жаңа басқарушылық тәжірибеге жол ашылуда. Аталған тәжірибе Алматы облысында да өз жемісін беруі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







