Үкіметте инновация саясатын дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Инновациялық штабтың алғашқы жиыны Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Отырысқа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары және бизнес секторының өкілдері қатысты.
Инновациялық штаб Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша құрылған. Оның негізгі міндеті – инновациялық қызмет саласында ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және елдің технологиялық басымдықтарын айқындау.
Жиында Қазақстанда инновацияларды дамытуға қатысты тұжырымдамалық мәселелер қаралды. Құжатта мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және кадрлық әлеуетті күшейту шаралары қамтылған.
Жаңа тәсіл елде басқарылатын инновациялық жүйе қалыптастыруға бағытталған. Ол инновациялық белсенділікті арттыруға, Қазақстанның Жаһандық инновациялық индекстегі орнын нығайтуға және жаңа салаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашу және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайту көзделіп отыр.
Жаңа модельдің басты идеясы – «ғылым арқылы инновация» қағидатынан «инновация арқылы ғылым» қағидатына көшу. Яғни дайын озық технологияларды игеру, бейімдеу және сол негізде отандық ғылымды дамыту ұсынылады.
Бұл тәсілде мемлекет процестің өзіне емес, нақты нәтижеге қаржы бөлуі тиіс. Басқаша айтқанда, қолдау ғылыми есеп үшін емес, экономикаға әсер ететін технологиялық шешім үшін беріледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданды. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және бизнес өкілдеріне құжат жобасына нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Сондай-ақ барлық өңірде ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу кестесін бекіту міндеті қойылды. Бұл сессияларға мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми орта және өзге де мүдделі тараптар қатысады.
Мақсат – бизнестің нақты технологиялық сұраныстарын анықтап, инновациялық саясатты сол қажеттіліктерге бейімдеу.
Үкіметтің пайымдауынша, жаңа инновациялық жүйе ғылым, өндіріс және бизнестің байланысын күшейтуі керек. Экономикаға қажет технологиялар анықталып, оларды енгізу тетіктері нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







