Талдықорғанда Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – дала жүрегі» атты мәдени іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерекелік шара Қаратал жағалауында ұйымдастырылды. Оған 2000-ға жуық қала тұрғыны мен қонақ қатысты. Көпшілік қазақтың қасиетті аспабы ұлықталған рухани кешке жиналды.
Іс-шара аясында ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған танымдық-интерактивті ойын өткізілді. Көрермендер қазақтың дәстүрлі өнері, күйшілік мұра, домбыра тарихы және ұлттық мәдениет туралы сұрақтарға жауап берді.
Қатысушылар өз білімін сынап, ұлттық мұраға деген қызығушылығын көрсетті. Ойын көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, домбыраның тарихы мен мәнін тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Интерактивті ойын қорытындысы бойынша белсенділік танытқан 10 қатысушы марапатталды. Оларға ұлттық өнерді қолдау және насихаттау мақсатында домбыралар салтанатты түрде табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – қазақ халқының рухани мұрасы саналатын домбыраны ұлықтау. Сонымен қатар ұлттық өнерді кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыру және мәдени мұраны дәріптеу көзделген.
Қаратал жағалауында өткен мерекелік кеш домбыраның қазақ болмысындағы ерекше орнын тағы бір мәрте айқындады. Домбыра үні халықтың тарихын, рухын және ұлттық жадын жеткізетін қастерлі мұра ретінде бағаланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







