Ұлттық қордағы жалпы халықаралық резерв қарашадағы нәтиже бойынша 105 млрд доллар болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сүлейменовтің айтуынша, жыл басынан бері жалпы халықаралық резервтер 9,5%-ке өсіп, 105 млрд доллар болған.
«Ұлттық банктің алтын валюта резервтері жыл басынан 23%-ға артып, 44,2 млрд доллар болды. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1,3%-ке ұлғайып, 60,8 млрд доллар болды. Жыл басынан қорға түскен қаражат сомасы 3,7 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 5,3 трлн теңге болды. Ұлттық қордың инвестициялық табысы 9,5% немесе 5,7 млрд доллар болды», – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін депутат Үкіметті «Қорамсаққа қол салдық, қол салғанда мол салдық» деп Ұлттық қорға қол сала бересіздер» деп сынаған еді.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, Президент 2029 жылы жалпы ішкі өнімді 450 миллиард АҚШ долларына жеткізуге, ұлттық қорды 100 миллиард АҚШ долларына жеткізуге міндет қойды.
«Өздеріңіз де айтып отырсыздар. Махамбет айтқандай, Ұлттық қордан «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салдық» деп қайта-қайта ақша аласыңдар. Шектеу болуы керек деп өздерің де мойындап отырсыңдар. Самат Базарбайұлымен 2 пайыз шектеу қойғанбыз. Оны қолдаған жоқсыздар. Неге қолдамайсыздар?! Норвегияда 3-4 пайызға шектеп отыр ғой», — дейді депутат.