Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін халықтың көкейінде түрлі сұрақ қатталып қалды. Халықаралық азаматтық авиация ұйымында жұмыс істеген алғашқы әрі әзірге жалғыз қазақ, оған қоса Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың немересі Абыл Кекілбаев осы бағыттағы маңызды сауалдарға жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Артқы орындықта отырғандарда аман қалуға мүмкіндік көп пе?
Ақтаудағы ұшақ апатында артқы орындықта отырғандар аман қалды. Осы оқиғадан кейін көпшілікте ұшақтың түпкі бөлігі қауіпсіз деген ой пайда болды. Бұл тұста сарапшы не дейді?
«Біріншіден, ажалдан қашып құтыла алмаймыз. Статистика деген бәле бар. Осындай әуе апаттарының бәрін санап көргенде, артқы қатарда отырған 60 пайызға жуық адам өз өмірін сақтап қалған. Қанаттарынан әрі қарай отырғандар. Статистика сондай болып тұр. Ұшақ аспанда жарылып, бөлшектеніп кетуі мүмкін. Ол кезде қай жерде отырсаң да аман қалу тек Алланың қолында. Бәрін санға әкеліп отырсақ, артқы қатардағы орындар ғана қауіпсіз деуге болмайды. Ұшақтың барлық жерінің қауіпсіздігі қадағаланған», — деді ол Ербол Сейілханға берген сұхбатында.
Бұрын теңізге қонған ұшақтар болды ма?
Тәжірибелі сарапшы бұған дейін ұшақтың теңізге қону тәжірибесі болғанын айтты.
«Теңізге қондыру тәжірибесі болды. АҚШ-тағы Гудзон есіңізде болса, ұшақтың екі қозғалтқышына құстар тиіп, екеуі де жұмыс істемей қалып, экипаждың шешімі бойынша Гудзон өзеніне аман-есен қонды. Бірақ ол шағын өзен болғандықтан, құтқару жұмыстарын тез арада ұйымдастыра алды. Ал бұл жағдайда Каспийдің үстінде ұшып келе жатқан ұшақ қай жерге қонады? Қонғанның өзінде қарайған адам батып кетуі мүмкін, қатып, үсіп өлуі де мүмкін еді. Менің ойымша, экипаж Ақтауға аман-есен жетемін деп болжаған», — дейді сарапшы сұхбатында.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.