Қазақстанда өңірлерден салынып жатқан тұрғын үй сатып алғысы келетін азаматтарға арналған «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бағдарламаны «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ ұсынды. Жаңа ипотека өңірлердегі Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша қарыз сомасы 2 млн теңгеден 75 млн теңгеге дейін қарастырылған. Несие мерзімі 20 жылға дейін, яғни 240 айға дейін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15,9 пайыз деңгейінде белгіленген.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өтеу тәсіліне қарай өзгереді. Аннуитеттік төлем кезінде ол 17,32 пайыздан 18,32 пайызға дейін болса, дифференциалды төлем бойынша 16,97 пайыздан 17,26 пайызға дейінгі аралықты құрайды.
Ипотеканы рәсімдеу үшін бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы болуы керек. Бағдарламаға 21 жастан асқан азаматтар қатыса алады.
Қарыз алу үшін алдымен бағдарламаға кіретін нысандардың бірінен пәтер таңдау қажет. Одан кейін өтінім Отбасы банктің уәкілетті агенті арқылы беріледі. Өтінім мақұлданған соң қарыз және кепіл шарттары рәсімделеді.
Несие кепіл шарты уәкілетті органда тіркелгеннен кейін беріледі. Жаңа бағдарлама өңірлердегі тұрғын үй нарығын қолдап, салынып жатқан нысандардан баспана алуды жеңілдетуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







