Қазақстанда салықты, төлемдер мен өсімпұлдарды кейінге шегеру және бөліп төлеу тәртібі жеңілдетілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы министрлігі бекіткен жаңа қағидаларға сәйкес, құжаттарда дәлсіздіктер немесе қателер табылған жағдайда салықтық өтініш бірден кері қайтарылмайды. Төлеушіге кемшіліктерді түзетуге ресми мерзім беріліп, алғашқы өтініш тіркелген күн сақталады.
Цифрлық күту парағы және қателерді түзету
Жаңартылған ережелерге сәйкес, өтініш беруші құжаттар пакетін толық ұсынбаса немесе мәліметтерде қате жіберсе, өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданады.
Мемлекеттік кірістер органдары құжаттарды кемшіліктерді жою үшін қайтарады. Қателерді түзетуге берілген уақыт мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне есептелмейді. Егер салық төлеуші белгіленген мерзімде барлық олқылықты реттесе, құжаттар тапсырылған күн болып бастапқы жүгінген уақыт саналады. Тек кемшіліктер уақытылы жойылмаған жағдайда ғана өтінішті қараудан бас тартылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды. Өтінішті салық органдарына тікелей, халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе электрондық үкімет порталы арқылы онлайн жіберуге болады.
Мерзімдер мен кепілсіз төлеу мүмкіндігі
Салықтық міндеттемелерді кейінге қалдыру алты айдан аспайтын мерзімге беріледі. Ал соманы бөліп төлеу 36 айға дейінгі кезеңге созылуы мүмкін.
Сонымен қатар қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар мен кәсіпкерлер үшін кепілсіз жеңілдік сақталды.
Салықтық берешек көлемі 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 6,4 миллион теңгеден аспаған жағдайда, мүлікті кепілге қоймай және банктік кепілдіксіз кейінге қалдыруға рұқсат етіледі.
Жеңілдікті пайдалану үшін салық төлеушінің бұрын берілген белсенді кейінге шегеру шарты болмауы және тиісті салықтық тіркеуде тұрғанына кемінде екі жыл толуы қажет. Жаңа ережелер қазан айының ортасынан бастап қолданысқа енеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







