Вьетнам шетелдік туристерге арналған алдын ала цифрлық тіркеу жүйесін сынақтан өткізе бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Вьетнамда Pre-arrival Information, яғни шетел азаматы елге келгенге дейін ақпарат ұсыну сервисі іске қосылды. Жаңа жүйе туристің дерегін ұшып келген соң ғана емес, сапарға дейін тексеруге мүмкіндік береді.
Енді Вьетнамға баруды жоспарлаған шетелдік азамат арнайы онлайн-форма толтырып, алдағы сапары туралы мәлімет енгізе алады. Осыдан кейін ақпарат елдің иммиграциялық органдарына алдын ала түседі. Вьетнам билігі мұндай тәсіл әуежайдағы шекаралық бақылауды жылдамдатып, кезекті азайтады деп есептейді.
Қазір сервис Хошимин қаласындағы Таншоннят халықаралық әуежайында ғана жұмыс істеп тұр. Вьетнамға келетін шетелдік туристердің едәуір бөлігі дәл осы әуежай арқылы өтеді. Алдағы уақытта жүйені Ханой, Дананг, Камрань және Фукуок әуежайларында енгізу жоспарланған. Бұл бағыттар қазақстандық туристер арасында да танымал.
Алайда жаңа сервис туристерге қосымша міндет жүктемейді. Жүйе әзірге ерікті түрде қолданылады. Ол визаны алмастырмайды, визалық өтінішті қарамайды және Вьетнамға кірудің міндетті шарты саналмайды. Негізгі мақсат шекара қызметіне жолаушы туралы ақпаратты алдын ала қарап, бақылау рәсімін жеңілдетуге жағдай жасау.
Қазақстан СІМ азаматтарға жеке деректі енгізу кезінде сақ болуға кеңес берді. Вьетнамға баратын туристер тек ресми иммиграциялық порталдарды пайдалануы керек. Себебі алаяқтар мемлекеттік сервиске ұқсас жалған сайттар жасап, жеке мәліметті иемденуге тырысуы мүмкін.
Вьетнам соңғы жылдары қазақстандықтар үшін Таиландқа балама танымал демалыс бағытына айналып келеді. Сондықтан әуежайдағы рәсімдерді жеңілдететін кез келген цифрлық жаңалық туристер үшін маңызды. Алдын ала тіркеу жүйесі толық іске қосылса, қазақстандық саяхатшылар Вьетнамға келген соң шекаралық бақылаудан жылдамырақ өтіп, сапарын ыңғайлы бастай алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







