Павлодардың орталық жағалауындағы «Ertis Promenade» сахнасында бірінші курс студенттеріне арналған «Заң Fest» фестивалі өтті. Іс-шара колледждер мен жоғары оқу орындарына түскен жастардың студенттік өмірге ресми қадам басуына арналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерекелік кеш жастар мен студенттік өмір туралы бейнероликтен басталды. «Жаса, Қазақстан» әні шырқалып, Шекара қызметінің көрсетілім тобы мемлекеттік тулармен сахнаға шықты. Алаңға облыс, оқу орындары және «Заң және тәртіп» нышаны бейнеленген тулар қойылды.
Фестивальдің негізгі ойы – студенттік өмір білім алу және мамандық игерумен ғана шектелмейтінін көрсету. Жастар өз әрекетіне жауап беруді, өзгенің құқығын құрметтеуді және қоғамдағы ортақ ережелерді сақтауды үйренуге тиіс.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты тек полиция мен мемлекеттік органдардың міндеті емес. Ол оқу орнындағы тәртіптен, қоғамдық ортадағы мәдениеттен және әр адамның күнделікті таңдауынан басталады. Заңды құрметтеген жас болашақ мамандығына да, ел алдындағы жауапкершілігіне де адал қарайды.
Кеш барысында Павлодар технологиялық колледжінің студенті Бақынжан Төкен барлық бірінші курс студентінің атынан ант берді. Ол білімге ұмтылып, таңдаған мамандығын меңгеруге, ұстаздары мен достарын құрметтеуге және ел болашағына еңбегімен үлес қосуға уәде етті.
Одан кейін сахнада түрлі оқу орнының студенттері ән айтып, би билеп, музыкалық аспаптарда өнер көрсетті. Бағдарламаға университеттер мен технологиялық, музыкалық, ақпараттық технологиялар және мұнай-газ колледждерінің жастары қатысты.
«Заң Fest» біреулер үшін студенттік өмірге қабылдау рәсімі, енді бірі үшін үлкен сахнадағы алғашқы қадам болды. Барлығын біріктірген ортақ ой – еркіндік жауапкершілікпен, ал жарқын болашақ заң мен тәртіпті құрметтеуден басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







