Соңғы күндері BeWoman форумы әлеуметтік желілерде қызу талқыланғаны белгілі. Форумды ұйымдастырған Жанна Канды ашық түрде қорғауға көшкен Динара Сәтжан өзінің Фейсбук парақшасында сын айтқан жұртты «хейтерлікпен» айналысты деп айыптады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Динара Сәтжан өз жазбасында Жанна Канды қорғап, форумды ешқандай мемлекеттік қолдаусыз, жеке қаржысына өткізгенін айтып ақтауға тырысты.
Сонымен қатар танмал тележурналист қоғамның наразылығын тек «хейтерлік» деп сипаттаған. Сәтжанның тұтас халықты «хейтерлікпен» айналысты деп айыптауы орынсыз.
BeWoman форумы ел алдында жүрген сарапшылар мен қоғамдық пікір иелері Досым Сатбаев, Мұхтар Тайжан, Вадим Ни сынды азаматтар да сын садағына алғанын білеміз. Бұл турасында Ertenmedia жан-жақты жазды.
Сәтжан қарапайым халықтың реакциясы да түсінуі керек еді. Себебі, көпшілік BeWoman сияқты жиындарды жеке бастың абыройын көтеру, пиар үшін жасалған шара деп қабылдағанын Erteńmedia телеграм арнасы жазған болатын.
Форумға қатысқан ресейлік пропагандистер қазақ қоғамында теріс көзқарас туғызған, ал олардың ел алдына шығуы халықтың ашуын туғызуы заңдылық. Бұған таңқалудың қажеті жоқ.
Жанна Кан мен Динара Сәтжанның әрекеті бізге қоғамда екі түрлі көзқарастың қалыптасқанын айқындап берді. Бірі байлардың өз ісін қорғайтыны, екіншісі халықтың әділетті талап етуі. Мұндай айырмашылықтар тек пікір қайшылығы ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жіктелудің көрініі десек болады.
Динара Сәтжан өз жазбасында халықты «хейтерлерге» айналды деп сипаттап, әр адамның өз ақшасын өз қалауынша жұмсауға құқығы бар екенін айтады. Сонымен қатар БАҚ пен контент жасаушыларды «біреудің еңбегінен пайда табуға тырысатындар» деп сынға алыпты.
Осы ретте қоғамның (халықтың деп қабылдасаңыз да болады) реакциясы жеке тұлғаға бағытталған ашу емес, қоғамдағы әділетсіздіктің салдары екенін түсіну қажет. Қарапайым халық Сәтжанның парақшасынан көрген форумдағы жылтырақ фотолар мен ел ішіндегі әлеуметтік өмір арасындағы алшақтықты көріп, біліп отыр.
Бұдан басқа халық «осындай ауқымды іс-шаралар қоғамға не береді?» деген сұрақты төтесінен қойды. Себебі, қарапайым халық форумның сыртқы жылтыраған фотосынан бұрын елге тиетін нақты пайдасын білуге тырысқаны анық.
Содан кейін сын айту азаматтық қоғамдағы жауапкершіліктің белгісі. Ал егер халықтың пікір білдіруін Сәтжандар өздерін «жек көру» деп қабылдаса, онда диалогтың мәні жоғалады.
Халық сөз еркіндігін сақтағысы келеді, ал әртүрлі пікірдің болуы қоғамның тірі екенін көрсетеді. Бұл жерде әңгіме Сәтжанның Жанна Канды қорғаштап жазған жазбасында емес, олардың халықтың сөзін естудан қалып бара жатқанына қатысты болып тұр. Осы ретте Сәтжанның есіне мәдениеттің өзегі танымал адамдардың халықтың дауысын қалай ести алатынымен өлшенетінін есіне салғымыз келеді.