Таяуда Алматыда «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын қалалық құрама анықталды. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде өткен іріктеуде жасөспірімдердің әскери дайындығы мен төзімділігі сынға түсті. Осы шарада Ertenmedia.kz тілішсі Алматы қалалық «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы, запастағы подполковник Марат Қанатов жолығып, жас буынның арасындағы әскери-патриоттық тәрбиеге қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, тұщымды жауап алды.
– Марат мырза, Алматыда өткен «Айбын-2026» іріктеуінің басты ерекшелігі турасында айтып өтсеңіз?
– Биылғы қалалық іріктеу өте жинақы әрі мазмұнды өтті. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің базасында ұйымдастырылған жарысқа оқушылардың үлкен дайындықпен келгенін байқадым.
Біз жарысқа қатысушылардың тек дене дайындығын ғана емес, олардың тәртібін, командалық рухын, жылдам шешім қабылдауын, әскери іске қызығушылығын да мән береміз. Іріктеу қорытындысы бойынша Алматы құрамасына 15 оқушы енді. Оның 10-ы – ұл, 5-еуі – қыз. Бұл қазіргі жастардың әскери-патриоттық бағытқа бейжай қарамайтынын көрсетеді.
«Айбын» жай спорттық жарыс емес. Мұнда дене күшімен қатар, зейін, төзім, тәртіп, топпен жұмыс істеу сынға түседі. Қатысушылар әскери-қолданбалы бағыттағы тапсырмаларды орындап, саптық тәртіп, спорттық дайындық бойынша бір-бірімен жарысатынын айта кетуіміз керек.
Әр бала өзін ғана емес, командасын да ойлауы керек. Себебі әскери ортада жеке нәтиже маңызды болғанымен, ең үлкен күш ұжымдық әрекетте жатыр. Осыны түсінген оқушы ғана мұндай жиында өзін жақсы көрсете алады.
– Қыздардың құрамға енуі нені аңғартады?
– Қазір әскери-патриоттық тәрбие тек ұлдарға арналған бағыт емес. Қыз балалар да жауапкершілігімен, тәртібімен, дайындығымен көзге түсіп жүр. Биыл құрамға 5 қыздың енуі Алматы жастары арасында әскери іске қызығушылық кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Олар жарыста табандылық танытты, тапсырмаларға салмақты қарады. Әскери салада да, қоғамдық өмірде де қыздардың белсенді болуын өз басым оң бағайлаймын. Елге қызмет ету ұғымы жынысқа бөлінбеуі керек.
– Мұндай жарыстар жасөспірімдерге не береді? Осы тұрғыдан кеңірек айтып берсеңіз?
– Ең алдымен, мінез қалыптастырады. Жарыс кезінде бала өз әлсіз тұсын сезіп, қорқынышын жеңуге мүмкіндік алады. Соынмен қатар жастар уақытты бағалап, тәртіпке бағынудың маңызын түсінеді.
Кейде бір тапсырманы орындау үшін күштен гөрі сабыр керек болады. Бір жерде жылдамдық қажет, бір жерде жолдасыңа көмектесу маңызды. Осындай ортада жасөспірім төзімділікке, жауапкершілікке, өзіне сенуге үйренеді.
Болашақта олар әскери мамандық таңдаса да, басқа салаға барса да, осы қасиеттер өмір бойы қажет болады.

Соңғы уақыттары байқап жүрмін, көп бала осындай жарыстан кейін әскери оқу орнына түсуге тырысады. Қазір жастар арасында Қарулы күштерде қызмет ету, офицер болуға деген қызығушылық артып келеді.
Өйткені ол әскери өмірдің алғашқы дәмін көреді. Сап, тәртіп, команда, жауапкершілік, спорттық дайындық бәрі оны шыңдайды. Біз үшін ең маңыздысы баланы мәжбүрлеу емес, дұрыс жолға өз еркімен бағыттау болып табалады. Егер жас адам Отанға қызмет етуді саналы түрде таңдаса, ол ертең мықты маман болады.
– Іріктеуді ұйымдастыруға бірнеше мекеме қатысты, мұндай бірлескен жұмыстың маңызы қандай?
– Бұл шараны қорғаныс істері жөніндегі департамент, білім басқармасы, Десанттық-шабуылдау әскерлері, дене шынықтыру және спорттың оқу-әдістемелік орталығы, сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысы бірлесіп ұйымдастырды.
Мұндай жұмыста бір мекеменің күші жеткіліксіз. Білім саласы балаларды тартады, әскери құрылымдар кәсіби бағыт береді, спорт мамандары дайындық деңгейін бағалайды, «Жас сарбаз» патриоттық тәрбие жүйесін қалыптастырады. Бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтиже сапалы болады.
Қазіргі жастар тек сапта жүрумен шектелмейді. Олар техникаға, дрондарға, байланыс құралдарына, заманауи әскери технологияларға қызығады. Біз іріктеу кезінде балалардың осы бағытқа ынтасын байқадық.
Бұл өте маңызды. Қазіргі қорғаныс саласы тек дене күшіне сүйенбейді. Онда технология, білім, жылдам ойлау, нақты шешім қабылдау қабілеті қатар жүреді. Жастар осыны түсіне бастады.
– Әскери-патриоттық тәрбие дегенді қалай түсіндіресіз?
– Әскери-патриоттық тәрбие – баланы тек әскери киімге қызықтыру емес. Оның түпкі мәні тәртіп, елге құрмет, жауапкершілік, үлкенді сыйлау, заңды сақтау, қиындыққа төзу, ортақ іске адал болу.
Патриоттық сезім құр ұранмен қалыптаспайды. Ол нақты іс арқылы келеді. Бала жарысқа қатысады, команда үшін тер төгеді, өз қаласының намысын қорғайды, жеңсе қуанады, жеңілсе сабақ алады. Осындай тәжірибе оның бойында елге деген шынайы құрметті қалыптастырады.
Қалалық іріктеуден ең мықты деген 15 оқушы өтті. Олар Алматының намысын халықаралық деңгейде қорғайды. Әрине, жарыста нәтиже маңызды. Бірақ біз үшін бастысы олардың өздерін лайықты ұстауы, тәртіп көрсетуі, команда болып әрекет етуі. Жеңіс тек медальмен өлшенбейді. Егер бала осы жиыннан шыңдалып, өзіне сенімі артып, елге қызмет етуге құлшынысы күшейіп қайтса, бұл да үлкен нәтиже.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







