І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиын «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту аясында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кадр даярлаудағы өзара байланыс
Кездесу барысында Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев департаментпен оқу-тәжірибелік бағытта көп жылдан бері әріптестік байланыс орнағанын атап өтті.
«Біз Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тығыз жұмыс істеп келеміз. Университет студенттері жыл сайын департаментте кәсіби практикадан өтеді. Жетісу облысындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде университет өңірге қажетті білікті кадрларды даярлауға зор үлес қосып келеді. Бүгінде аймақтағы мемлекеттік органдарда біздің университет түлектерінің едәуір бөлігі еңбек етеді», – деді ректор.
Өз кезегінде Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Дастан Букашев студенттерге практикалық білім берудің маңыздылығына тоқталды.
«Студенттермен экономикалық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу бағытында практикалық сабақтар өткіземіз. Тәжірибе барысында жоғары белсенділік танытып, білімін көрсеткен студенттерді болашақта жұмысқа шақыруға мүмкіндік бар», – деді Дастан Букашев.
Сондай-ақ университет ректоры Ермек Бөрібаев Дастан Балтабайұлын Құқық және экономика факультетінің материалдық-техникалық базасымен таныстырды. Қонақтар факультеттің оқу аудиторияларын және сот процесін өткізуге арналған арнайы залды аралап көрді.
Дропперліктің алдын алу шаралары
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Превенция және талдау әзірлемелері басқармасының бастығы Мейрам Қасымбеков студенттерге «Дропперлік: киберқылмыскерлердің құралына айналмау жолдары» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында студенттерге ақпараттық парақшалар таратылып, дропперлік схемалардың қауіптері, киберқылмыскерлердің әрекет ету тәсілдері және заңсыз қаржылық операцияларға тартылмаудың жолдары түсіндірілді.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Белсенділік танытып, дұрыс жауап берген студенттерге Экономикалық тергеп-тексеру департаменті атынан сыйлықтар табысталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







