Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоқсанында қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкер саны күрт артты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық экономика министрі, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, мұны шағын бизнес жаппай күйреп жатыр деп түсінуге болмайды. Негізінен белсенді жұмыс істемеген, табысы жоқ немесе бұрын арнайы салық режимін пайдалану үшін ашылған ИП-лер жабылып жатыр.
Салық органдарының мәліметінше, қаңтар-наурыз аралығында 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың дәл осы кезеңінде 82 874 ИП, ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында 125 093 ИП жабылған.
Жұманғарин бұл көрсеткішті бағалағанда базалық деңгейге қарау қажет екенін айтты. 2024-2025 жылдардың алғашқы тоқсанындағы орташа жабылу шамамен 104 мың ИП болған. Сондықтан қазіргі өзгерістің қосымша әсері шамамен 100 мың жабылу деңгейінде бағаланып отыр.
Министрдің сөзінше, бастапқы болжам бұдан да жоғары болған. 300 мыңға дейін ИП нарықтан кетуі мүмкін деп күтілген. Себебі арнайы салық режимдері арқылы бизнесті бөлшектеуге пайдаланылған субъектілердің біразы жабылады деген есеп болған.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында жабылған ИП құрылымына қарасақ, 39,2 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтушы режиміне өткен. 11,8 мыңы басқа компанияның басшысы ретінде де тіркелген. Ал 94,2 мың ИП-нің 2025 жылы мүлде табысы болмаған.
Сонымен қатар елде жаңа бизнес субъектілерін тіркеу жалғасып жатыр. Бірінші тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші тіркелген. Оның 88,7 мыңы жеке кәсіпкер, 10,3 мыңы заңды тұлға. Елдегі заңды тұлға саны 584 093-ке жеткен.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны да өсіп отыр. Қазір Қазақстанда 410 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтушы бар. Олардың 85 пайызы платформалық жұмысты таңдаған. Бұл қатарға InDriver, «Яндекс», Wolt және басқа сервис арқылы табыс табатын азаматтар кіреді.
Жұманғарин мұны бизнестегі құрылымдық өзгеріс деп сипаттады. Яғни нарықтан белсенділігі төмен және тұрақтылығы әлсіз ИП-лер кетіп жатыр. Бір бөлігі заңды тұлғаға өтіп, бизнесін ірілендіруде. Тағы бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамту режимі арқылы қызметін заңдастырып отыр.
Нарықтағы үнсіз тазалау
Министр қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпорындар туралы дерекке де түсінік берді. Кей сарапшылар Ұлттық статистика бюросындағы 184 906 деген көрсеткішті айтып, оны кәсіпкерлер жабылмай, жұмысын уақытша тоқтатуды таңдады деп түсіндірген. Жұманғарин мұндай пайымды дұрыс емес деп атады.
Оның айтуынша, 184 906 кәсіпорын – жылдар бойы жұмыс істемей тұрған барлық белсенді емес компанияның жинақталған базасы. Ал салық органдарының нақты дерегі бойынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 62 557 кәсіпорын қызметін уақытша тоқтатқан. 2025 жылдың осы кезеңінде 25 561, 2024 жылы 29 690 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан еді.
Жұманғарин бұл көрсеткіштің расында шамамен екі есе өскенін мойындады. Бірақ оны көп жыл бойы жиналған белсенді емес компаниялар санымен шатастыруға болмайтынын айтты.
Министрдің пікірінше, мұндай динамика макроэкономикалық белгісіздік пен сыртқы қысым жағдайында бизнестің бейімделу процесіне жатады. Қарапайым тілмен айтқанда, нарықта бұрын аты бар, заты жоқ ИП-лер азайып, белсенді кәсіп нақты режимге көшіп жатыр. Бірақ жабылу санының күрт өсуі шағын бизнес үшін ескеретін белгі екені де анық.
Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты бастапқы үрей біртіндеп сейілгендей. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, салық реформасының қысқа мерзімді әсерін экономика 2026 жылдың басында-ақ еңсеріп үлгергенін айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







