Астанадағы қайғылы өрттен кейін Мәжіліс депутаттары арнайы техниканың жолын бөгейтін жүргізушілердің жауапкершілігі туралы мәселе көтерді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Олардың пайымынша, аула ішіндегі ретсіз көлік қою жай ғана тәртіп бұзу емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін факторға айналып барады.
Депутат Самат Нұртаза болған жайтты бір-бірімен жалғасқан себептер тізбегі ретінде бағалады. Оның сөзінше, мұндай сәттер кей жағдайда адам өліміне жанама түрде әсер ететін ауыр салдарға ұласады. Ол негізгі себеп өрт екенін, ал көлік соған қосылған жанама кедергіге айналғанын айтты.
Парламент өкілінің пікірінше, мәселе тек құқықтық баға берумен шектелмеуі керек. Әңгіме әр жүргізушінің жеке жауапкершілігі мен қоғамдық сана деңгейіне тіреліп тұр.
Сарым не дейді?
Айдос Сырым болса, түйткілдің ауқымы одан да тереңде жатқанын меңзеді. Оның айтуынша, аула ішінің көлікке тұншығуы мен жүргізуші мәдениетінің төмендігі осындай трагедияның алғышартын күшейтіп отыр. Депутат құтқарушылар оқиға орнына дер кезінде жақындай алмағанын, ал заң жүзінде олар кедергіні күшпен ығыстыруға құқылы болғанымен, іс жүзінде әр секундтың алтынмен пара-пар екенін еске салды.
Ол бүгінгі таңда көп ауланың көлікке лық толып тұрғанын, талай отбасында бір емес, екі көлік барын атап өтті. Соның салдарынан арнайы техника үшін бос дәліз қалмай, төтенше жағдайда уақыт жоғалатыны ашық көрініс берген.
Парламентте айтылған ұстанымға қарағанда, құтқару қызметтерінің жолындағы кедергіні жоюға формалды құқығы бар. Алайда қағаздағы құқық пен оқиға орнындағы мүмкіндік әрдайым қабыса бермейді. Тар аула, қаптаған көлік, ретсіз тұрақ мұның бәрі шешуші минуттарды жұтып қояды.
Сол себепті енді аула ішіндегі тұрақ тәртібін қатаңдату, арнайы техника өтетін жолақты нақты белгілеу және жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Қала тіршілігінің үйреншікті көрінісіне айналған бейберекет тұрақ енді тек қолайсыздық емес, қауіпсіздікпен тікелей байланысты қатер ретінде қарала бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







