Қазақстанда инклюзивті білім беру әр баланың қабілетін ашуға, оны ортадан шеттетпей, өз қатарымен бірге дамытуға бағытталады. №61 жалпы білім беретін мектеп директоры Гаухар Өтелбаеваның айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әрқайсысының өзіне тән даму жолы, мінезі, қызығушылығы және арманы бар. Өз кезегінде білікті маман тілшімізге инклюзивті білім берудің мәні, мектептегі қолдау жүйесі, педагог-ассистенттің рөлі, ата-анамен байланыс және бәріне ортақ мектеп мәдениеті туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Гаухар ханым, инклюзивті білім беру сіздер үшін қандай ұғым?
– Инклюзияны біз ерекше баланы мектепке қабылдау немесе оны жалпы сыныпқа отырғызу деп қана түсінбейміз. Оның мәні әлдеқайда терең. Әр бала мектепке келгенде өзін қауіпсіз сезінуі, сабаққа қатысуы, қатарластарымен сөйлесуі және өз қабілетін көрсетуі керек.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бәрі бірдей емес. Бірі математикаға бейім, бірі сурет салғанды жақсы көреді, енді бірі музыкаға, спортқа немесе техникаға қызығады. Біздің міндет баланың ерекшелігін шектеу емес, оның ішіндегі күшті көру.
Әр баланың бейімделуі әртүрлі жүреді. Кей бала жаңа ортаға тез үйренеді, кейбіріне көбірек уақыт керек. Бір бала тапсырманы жақсы орындаса, сыныптастарымен сөйлесуге қиналуы мүмкін. Екіншісі керісінше, ортаға тез қосылады, бірақ оқу материалын баяу қабылдайды.
Сондықтан біз баланы бір өлшеммен бағаламаймыз. Оның оқу қарқынын, эмоциялық жағдайын, қарым-қатынасын, қызығушылығын және жеке қажеттілігін бірге қараймыз. Инклюзивті білімнің басты қағидасы – әр баланың өз даму жолын мойындау.
– Мұндай жағдайда ата-ананың рөлі қаншалықты маңызды?
– Ата-ананың рөлі өте үлкен. Көп жағдайда баланың дамуындағы алғашқы белгіні ата-ана байқайды. Кей бала кеш сөйлей бастайды, кейбірі жаңа сөзді баяу қабылдайды. Осындай сәтте ата-ана уақыт жоғалтпай, психолог, невропатолог, логопед, арнайы педагог сияқты мамандарға жүгінсе, балаға ерте қолдау көрсетуге болады.
Мектепке келу шешімі де ата-анамен, дәрігерлермен және мамандармен ақылдаса отырып қабылдануы тиіс. Мақсат баланы оқшауламай, өз ортасында дамыту.
Жалпы, ата-анамен тұрақты байланыс орнату – инклюзивті білімнің негізгі шарты. Мектепте жасалған жұмыс үйде жалғаспаса, нәтиже баяулайды. Біз ата-анамен сөйлесеміз, баланың жетістігін де, қиын тұсын да ашық айтамыз.
Ата-ана баласын жақсы біледі, ал мамандар кәсіби әдіс ұсынады. Осы екі тарап бір бағытта жұмыс істегенде ғана балаға нақты көмек беріледі. Ерекше баланың дамуы мектеп пен отбасының бірлескен еңбегіне тәуелді.
– №61 мектепте инклюзивті оқыту қалай жолға қойылған?
– Біздің мектепте инклюзивті оқыту 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді. Қазір 34 оқушы жеке оқу бағдарламасы бойынша білім алады. Жол картасы аясында мектебіміз инклюзивті академия мәртебесіне ие болды. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Бүгінде жинақталған тәжірибені таратуға, педагогтер арасында әдістемелік байланыс орнатуға, мамандардың кәсіби құзыретін арттыруға көңіл бөліп келеміз. Инклюзивті мектеп тек өз ішіндегі жұмыспен шектелмей, басқа білім ұйымдарына да тәжірибе алмасуы маңызды.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен қандай мамандар жұмыс істейді?
– Әр баламен психолог, арнайы педагог, логопед және педагог-ассистент жұмыс істейді. Әр маманның орны бөлек. Логопед баланың сөйлеу дағдысын дамытуға көмектеседі.
Ал арнайы педагог оқу тапсырмасын баланың мүмкіндігіне қарай бейімдейді. Психолог эмоциялық жай-күйін, ортаға бейімделуін, құрдастарымен қарым-қатынасын бақылайды. Педагог-ассистент сабақ барысында баланың тапсырманы түсінуіне, оқу процесіне қосылуына және өзін еркін сезінуіне қолдау береді. Мұндай жұмыс бір адамның мойнындағы міндет емес, тұтас команданың еңбегі.
– Педагог-ассистенттің рөлі неге ерекше?
– Педагог-ассистент ерекше білім беруді қажет ететін бала үшін күнделікті оқу процесіндегі маңызды тірек. Ол баланың орнына сабақ оқымайды, тапсырманы орындап бермейді. Бірақ балаға нұсқауды түсінуге, назарын жинақтауға, сабақ барысына қосылуға көмектеседі.
Кей оқушыға тапсырманы бірнеше рет түсіндіру керек болады. Осындай кезде педагог-ассистент баланы тыныштандырып, оқу ортасына қайта бағыттайды. Бұл өте нәзік, сабыр мен кәсібилікті қажет ететін жұмыс.
Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін тек пәнді жақсы білу жеткіліксіз. Мұндай педагог сабырлы, сезімтал, байқағыш және түсінігі кең болуы керек. Бала тапсырманы орындамай отырса, оны бірден тәртіпсіздік деп қабылдауға болмайды. Ол шаршаған болуы мүмкін, тапсырманы түсінбей отырған шығар немесе эмоциялық жағынан қиналып отыруы да мүмкін. Мұғалім осыны сезе білуі қажет. Инклюзивті білімде жүрек пен кәсібилік қатар жүреді.
– Қатарластарының қабылдауы қалай қалыптасады?
– Балалар көбіне ересектердің көзқарасын қайталайды. Егер мұғалім мен ата-ана ерекше баланы аяушылықпен немесе бөлек адам ретінде көрсетсе, сыныпта да сондай түсінік қалыптасуы мүмкін.
Ал ересектер әр баланың өз ерекшелігі бар екенін дұрыс түсіндірсе, балалар бір-бірін қабылдауға тез үйренеді. Біз сыныптағы қарым-қатынасты тұрақты бақылап отырамыз. Балалардың бірге ойнауы, ортақ тапсырма орындауы, бір-біріне көмектесуі инклюзивті ортаның маңызды белгісі.
– Академиялық нәтиже мен эмоциялық қауіпсіздіктің қайсысы маңызды?
– Екеуі де маңызды. Бірақ ерекше білім беруді қажет ететін бала үшін эмоциялық қауіпсіздік бірінші кезекте тұрады. Бала мектепке қорқып келсе, өзін ешкім түсінбейді деп ойласа, оның оқуға ынтасы төмендейді.
Ал сенімді орта қалыптасса, ол біртіндеп ашылады. Кей баланың логикалық ойлауы мықты болуы мүмкін, кейбірінің есте сақтау қабілеті жақсы дамиды, енді бірі шығармашылыққа бейім келеді. Сол қабілетті көру үшін бала алдымен өзін қауіпсіз сезінуі керек.
– Қазақстанда инклюзивті білім берудің жаңа кезеңі басталды деп айтуға бола ма?
– Иә, айтуға болады. Соңғы жылдары инклюзивті білім беру туралы түсінік өзгеріп келеді. Бұрын мәселе көбіне қолжетімділікпен шектелетін. Қазір сапа, әдістеме, маман даярлау, педагогтердің кәсіби құзыреті, халықаралық тәжірибе алмасу алға шықты.
Елімізде инклюзивті білім беру жөніндегі әлемдік конгрестің өтуі де осы бағытқа серпін берді. Мұндай бастамалар мектептерге жаңа көзқарас әкеледі.
Инклюзия қоғамды мейірімді болуға ғана емес, әділетті болуға үйретеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаға аяушылық емес, мүмкіндік керек. Ол да армандайды, оқығысы келеді, достасқысы келеді, болашақ мамандығын елестетеді. Бір бала әскери қызметші болуды армандауы мүмкін, екіншісі дәрігер болғысы келеді, үшіншісі суретші, мұғалім немесе инженер болуды қалауы мүмкін. Қоғамның міндеті олардың арманына шектеу қою емес, сол арманға жақындайтын орта қалыптастыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







