Әлеуметтік желіде Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі жан айқайын айтып, оқиға орнындағы видеолар өшіп кеткенін мәлімдеген еді. Осы ақпаратқа қатысты полиция пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Алматы облысы ПД өкілі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазбалар зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», — деп жазылған хабарламада.
Құзырлы органдар тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске салды.
Полицейлер видео бар екенін растау үшін скриншотты қоса жариялады.