Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының бірінші кезеңі аясында 196,4 млрд теңгеге дата-орталық салу жөнінде келісімшарт жасалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Самұрық-Қазына» сатып алу сайтындағы деректерге сәйкес, 2026 жылғы мамырда «Деректерді өңдеу орталығы» нысанын «толық аяқталған күйінде» салуға арналған кешенді жұмыстар бойынша шарт пайда болған. Telegram-дағы PROTENGE арнасының мәліметінше, құжатта бұл Екібастұздағы «Долина дата-центров» жобасының бірінші кезеңі екені көрсетілген.
Келісімшарт сомасы 196,4 млрд теңгені құрайды. Сатып алу тәсілі ретінде бір көзден алу әдісі белгіленген. Мердігер ретінде «Транстелеком» АҚ көрсетілген.
Әңгіме Павлодар облысындағы Екібастұз энергия торабы маңында дата-орталықтар желісін құру жобасы туралы болып отыр. 2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда серверлер, бұлтты сервистер және жасанды интеллект жүйелерін орналастыруға арналған ірі инфрақұрылымдық алаң салына бастайтыны хабарланған еді. Сол кезде жобаның жалпы құны шамамен 30 млрд доллар болуы мүмкін екені айтылды.
Екібастұздың бұл жоба үшін таңдалуы кездейсоқ емес. Өңір елдегі ірі энергетикалық тораптардың бірі саналады. Ал дата-орталықтар үшін ең маңызды ресурс – тұрақты электр қуаты. Жасанды интеллект, бұлтты сақтау, үлкен дерек өңдеу және цифрлық сервистер дамыған сайын мұндай нысандарға сұраныс артып келеді.
Сонымен бірге жобаның алғашқы ірі келісімшартының бір көзден алу тәсілімен жасалуы қоғамда сұрақ тудыруы мүмкін. Өйткені 196,4 млрд теңге – қарапайым құрылыс емес, стратегиялық цифрлық инфрақұрылымға бағытталған өте ірі сома. Мұндай жобаларда ашықтық, техникалық талаптардың анықтығы және қаржының тиімді жұмсалуы ерекше маңызды.
«Транстелеком» АҚ бұған дейін Нұрәлі Әлиевтің атымен байланыстырылған еді. 2025 жылы оның компания иелері құрамынан шыққаны хабарланды. Кейін қазақстандық БАҚ-та компанияны кәсіпкер Тимур Турловқа қатысы бар құрылымдар сатып алуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда ашық дереккөздерде бұл мәміленің толық аяқталғаны туралы нақты мәлімет жарияланбаған.
Екібастұздағы дата-орталықтар алқабы Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік болуы ықтимал. Егер жоба сапалы іске асса, ел Орталық Азиядағы ірі цифрлық инфрақұрылым хабына айнала алады. Бірақ мұндай ауқымды бастама тек энергия мен құрылысқа ғана емес, ашық басқаруға, сенімді инвесторға, киберқауіпсіздікке және ұлттық деректердің қорғалуына да тіреледі. Дата-орталық – жай ғимарат емес, болашақ экономиканың жүйке жүйесі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







