Министр Марат Қарабаев келер жылдан бастап елімізде рөлі оң жақта орналасқан көліктер такси қызметін атқара алмайтынын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Тиісті ведомство InDriver-мен меморандумға қол қойған. Құжатта оң рөлді көліктерді InDriver жүйесінде тіркеуден бас тарту қарастырылған.
«Оң рөлді көліктерге такси қызметін атқаруға тыйым салынады. Осыған байланысты InDriver де, Яндекс компаниялары мұндай көліктерді өз қосымшаларында тіркемейді», — деді Марат Қарабаев.
Ведомство басшысының сөзінше, келер жылдың 1 қаңтарына дейін Яндекс, InDriver компаниялары оң рөлді көліктердің иелерін анықтап, оларға такси қызметін атқаруға рұқсат бермейді.
«Шектеу бұған дейін рөлі оң жақта болған кейін оны сол жаққа ауыстырған көліктерге де қатысты болады. Рөлі сол жаққа ауыстырылған оң рөлді көліктер бар. Олар қазақстандықтардың денсаулығына және көлік қозғалысына қауіп төндіреді. Сондықтан оң рөлді көліктерде 13 таңбалы VIN коды бар, ал сол рөлді көліктерде 17 таңбалы VIN коды таңбаланған. Бұл тұрғыда такси қызметтері осындай көліктерді анықтап, 1 қаңтардан бастап жұмысын тоқтатады», — деді Қарабаев.