Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осыған орай, БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен 40 жыл шопан болып еңбек еткен батысқазақстандық Сәрсенова Бақытжамал Қабдоллақызын 95 жас мерейтойымен БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
1930 жылы 14 қаңтарда Ресейдің Ростов облысында дүниеге келген Бақытжамал Қабдоллақызы жастайынан еңбекке араласты. 1946 жылы Сәрсеновтер отбасы Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Қаракөл Шоңғай ауылына қоныс аударып, ауыр кезеңдерде елеулі еңбек етті. Кейіннен Астрахань облысы Ахтуба ауданының Қызыл үй ауылына көшіп, 1948 жылы Науша Сәрсеновке тұрмысқа шықты.
1957 жылы Бисен совхозы құрылған соң, Бақытжамал Қабдоллақызы шопандық қызметке кірісіп, бұл салада 40 жыл бойы адал еңбек етті. Шопандық – шыдамдылық пен қажыр-қайратты қажет ететін қиын кәсіп. Алайда Бақытжамал әже табиғаттың түрлі қиындықтарына бейімделіп, туған жерінің өркендеуіне аянбай үлес қосты.
«Еңбекке ерте араластым. Бар жетістігімнің негізі – адал еңбек. Еңбекпен шыңдалған адамның өмірі әрқашан мағыналы. Қазіргі ұрпаққа да осыны үнемі айтып отырамын» — дейді Бақытжамал әже.
Бақытжамал Қабдоллақызы – он баланың ардақты анасы. Оның 7 ұлы мен 3 қызы бүгінде 28 немере, 61 шөбере-шөпшек сүйіп, үлкен әулетке айналды. Әулеттің әрбір мүшесі әженің еңбекқорлығы мен адамгершілігін өмірлік өнеге санайды.
«Осындай ғибратты ғұмыр кешіп, туған жеріне адал қызмет еткен адам қашанда құрметке лайық. Сіздің өмір жолыңыз – баршаға үлгі. Сіңірген еңбегіңізді ұрпақ мақтаныш етіп, дәріптейді» — деді мерейтой иесін құттықтаған Гүлжанар Болатқызы.
Қазақтың осындай асыл аналарының арқасында ұлттық құндылықтарымыз әрдайым сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Бақытжамал әже бүгінде балалары мен немерелерінің қамқорлығында, бейбіт өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешуде.