Қазақстанда 50 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік беретін тетік бар. Бұл «зейнетақы аннуитеті» деп аталатын арнайы сақтандыру қызметі. Осы тетіктің көмегімен адамдар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген зейнет жасына жетпей тұрып, өз жинақтарын пайдаланып, ай сайын зейнетақы алып отыра алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Зейнетақы аннуитеті азаматтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жиналған қаражатын сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойы немесе келісімде көрсетілген мерзімде тұрақты түрде төлемдер алу құралы. Бұл стандартты зейнетақы төлемдерінен өзгеше қызмет екенін Tengrinews.kz жазды.
Зейнетақы аннуитетін әдетте:
Ер адамдар – 55 жастан;
Әйел адамдар – 53 жастан бастап рәсімдей алады. Әйелдердің жас шегі 2031 жылға дейін кезең-кезеңмен 55 жасқа дейін көтеріледі.
Сонымен бірге ерекше категориядағы, зиянды өндірістерде кемінде 60 ай жұмыс істеген азаматтар аннуитетті 50 жастан бастап рәсімдеуге құқылы.
Зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктері:
Төлемдер БЖЗҚ-дан емес, сақтандыру компаниясынан жасалады.
Аннуитет бойынша төлемдер өмір бойы жүруі мүмкін.
Төлемдер ресми зейнеткерлік жастан бұрын басталады.
Бұл қызметтің тағы бір ерекшелігі – аннуитет рәсімделгеннен кейін, жинақталған қаржы сақтандыру компаниясының меншігіне өтіп, кәдімгі БЖЗҚ-дағы жинақтар сияқты автоматты түрде мұраға қалдырылмайды. Алайда келісімде кепілдік мерзімі қарастырылуы мүмкін, яғни адам сол мерзім ішінде қайтыс болса, қалған қаражат мұрагерлерге беріледі.
Төлем мөлшері қалай есептеледі:
Төлемдер сомасы әр адамға жеке есептеледі. Оның мөлшері клиенттің жасы, жынысы, жинаған қаражаты, күтілетін өмір ұзақтығы, индексация ставкасы сияқты факторларға байланысты болады. 2026 жылы ай сайынғы төлемдер кемінде 35 596 теңге болу үшін, 55 жастағы ер адамда кемінде 10 миллион теңге, ал 53 жастағы әйелде кемінде 13 миллион 160 мың теңге болуы керек.
Аннуитетті қалай рәсімдеуге болады:
Сақтандыру компаниясына жүгініп, төлемдер мөлшерін алдын ала есептеу.
Сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отыру.
Жинақталған қаржыны БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына аудару.
Қазақстанда 2022 жылдан бастап «бірлескен аннуитет» деген қызмет бар. Ол ерлі-зайыптыларға немесе жақын туыстарға өз жинақтарын біріктіріп, аннуитет төлемдерін алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша шамамен 174,5 мың келісім бар. Бұл қызметке қызығушылық жыл сайын артып келеді.
Қазір Қазақстанда жаңа зейнетақы жүйесі ұсынылып жатыр. Бұл жүйе азаматтардың жеке жинақтарын арттырып, инвестициялық табыс алуға қосымша мүмкіндік беру үшін енгізілмек. Осы тұста аннуитетке қызығушылықтың артуы түсінікті.
Қорыта айтқанда, зейнетақы аннуитеті – зейнетке ерте шығудың бір мүмкіндігі. Бірақ ол үшін адамның жинақтары жеткілікті болуы керек және ол сақтандыру келісімінің барлық шарттарымен келісуге дайын болуы қажет.
Қазақстанда зейнетақы жүйесіне елеулі өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Соның бірі – «4+1» деп аталатын жаңа модель. Оның негізгі ерекшелігі жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын екі бөлікке бөлу арқылы азаматтардың жеке жинақтарын көбейту және өмір бойы төленетін зейнетақы жүйесін енгізуді көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







