Қазақстанда зейнетақы жүйесіне елеулі өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Соның бірі – «4+1» деп аталатын жаңа модель. Оның негізгі ерекшелігі жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын екі бөлікке бөлу арқылы азаматтардың жеке жинақтарын көбейту және өмір бойы төленетін зейнетақы жүйесін енгізу, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкер үшін ай сайын зейнетақы қорына аударым жасайды. Бұл аударымдар 2024 жылы – 1,5 пайыз, 2025 жылы – 2,5 пайыз, 2026 жылы – 3,5 пайыз болса, 2028 жылға қарай 5 пайызға дейін артады. Бірақ бұл қаражат қызметкердің жеке меншігі емес, ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлеріне берілмейді.
Жаңа ұсынылып отырған «4+1» моделі бойынша осы 5 пайыздың 4 пайызы қызметкердің жеке зейнетақы шотына аударылып, азаматтардың жинақтары тезірек өсе бастайды. Осылайша, адам өз жалақысының 10 пайызын және жұмыс берушіден қосымша 4 пайызды қосқанда, жалпы 14 пайыз жинайтын болады. Қалған 1 пайызы ортақ шотқа жіберіліп, одан кейін зейнет жасына жеткен азаматтарға өмір бойы төленетін зейнетақыға жұмсалады.
Жаңа жүйенің артықшылығы – жеке жинақтарды көбейтіп, азаматтардың инвестициялық табыс алу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, жинақталған қаражат азаматтардың жеке меншігі болып саналады және мұрагерлікпен беріледі.
ЕНПФ-ның мәліметінше, зейнетке шыққан азамат алдымен жеке жинақ шотындағы ақшаны ала бастайды. Егер азамат тұрақты түрде жарна аударып отырған болса, жинақтаған қаржысы шамамен 80 жасқа дейін жетуі мүмкін. Ал бұл жинақ таусылған соң, ортақ шоттан өмір бойы төлем жасау жоспарланып отыр.
Осы жаңа тәсілді енгізу туралы пікірталас 2026 жылдың наурызында басталды. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыс берушілердің жарнасын 4+1 пайызға бөлу туралы ұсынысты талқылап жатқанын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, зейнетақы жүйесін жетілдіру туралы мәселе Сенатта да көтерілді. Сенатор Амангелді Нұғманов қазіргі жүйенің тек жасқа байланысты емес, еңбек өтілі мен азаматтардың денсаулығын ескеретіндей икемді болуы керектігін ұсынды. Ол азаматтардың денсаулығына байланысты ертерек зейнетке шығу мүмкіндігін қарастыруды да атап өтті.
Қазіргі уақытта осы мәселелер арнайы жұмыс тобында талқылануда. Үкімет алдағы уақытта осы модель бойынша нақты шешім қабылдамақ.
Көп адам 30–40 жастың аралығында зейнетақы мәселесіне бас қатырмай кейінге ысырып қояды. Әлі уақыт көп секілді көрінеді, айлық бар, тіршілік жүріп жатыр, ал қарттық тым алыстағы дүние болып сезіледі. Бірақ сарапшылардың пайымынша, дәл осы кезең кейінгі қаржылық тыныштықтың іргесін қалайтын ең маңызды шақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







