«Әділет» делегаттары «AMANAT» партиясын өз қатарына қосу туралы шешімді бірауыздан қолдап, дауыс берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиын барысында тіркелген 613 қатысушының барлығы бастаманы бірауыздан мақұлдап, қарсылық танытқандар немесе қалыс қалғандар болған жоқ.
Құрылтай мінберінен сөз сөйлеген «Әділет» жетекшісі Айбек Дәдебай жиналғандарды осы тарихи таңдауды қолдауға шақырып, өз мәлімдемесін жасады.
«Әділет» партиясының «AMANAT» партиясына қосылуы тар шеңбердегі партиялық мүддеден жоғары тұратын, ұлттық жауапкершіліктен туындаған дана шешім. Бұл қоғамның жоғары мүддесі жолында бірігу қабілетінің шынайы дәлелі», — деді саяси ұйым басшысы.
Оның пайымдауынша, мұндай қадам қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін билік бірлігіне бастайды.
Сонымен қатар әлгі шешім екі тараптың жинақтаған тәжірибесін, кадрлық және қоғамдық әлеуетін нығайтуға жол ашпақ. Нәтижесінде ел дамуының басты мақсаттарын жүзеге асыру мен Әділетті Қазақстанды құру ісі жаңа серпін алмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







