Индонезияның Калимантан (Борнео) аралындағы тұщы су айдынынан ғалымдар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған аса сирек Ганг акуласының тіршілік ететін ортасын анықтады. Жаһандық деңгейде саны тым аз бұл су жыртқышы табиғи ортасында ешқашан тірідей суретке түсірілмеген және біржола құрып кету қаупіндегі жануарлар санатына жатады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір аптада тіркелген тосын олжа
Ганг акуласы дүниежүзіндегі тұщы су мен лайлы жағалауды мекендейтін үш өзен акуласы түрінің бірі саналады. Бұған дейін биологтар олардың бар-жоғын тек кездейсоқ торға түсіп қалған өлекселер немесе кесілген жүзбеқанаттар арқылы ғана тіркеп келген еді.
2023 жылы Джеймс Кук университетінің ғалымы Майкл Грант бастаған халықаралық топ пен индонезиялық әріптестері Солтүстік Калимантан аймағындағы Сесаяп өзенінің маңында зерттеу жүргізді. Сонда жергілікті балықшы бір аптаның ішінде байқаусызда 17 Ганг акуласын аулап алғанын айтып, зерттеушілерді таңғалдырған. Аталған көрсеткіш бүкіл әлем бойынша соңғы жиырма жылда тіркелген акулалардың жалпы санынан да асып түсті.
Ғалымдар Борнеоның тұщы су бассейні осы жыртқыштың жер бетінде сақталып қалған соңғы баспанасы болуы мүмкін екенін алға тартты.
«Біз олардың Борнео өзендерінде әлі де болуы мүмкін екенін болжадық, бірақ осы уақытқа дейін ешкім оларды іздеп көрмеген еді», – деді зерттеу жетекшісі Майкл Грант.
Жойылу қаупі және жаһандық мәртебесі
Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына сәйкес, бүкіл әлем бойынша Ганг акуласының 240-қа жуық ересек дарағы ғана қалған. Түрге аса қауіп төнген мәртебе берілген. Тарихи жағынан ол Үндістан, Пәкістан, Бангладеш және Мьянма өзендерінде кездескенімен, соңғы онжылдықтарда кездесу дерегі күрт азайды. Мысалы, Үндістандағы Ганг өзенінің өзінде соңғы ресми дерек 2017 жылы ғана тіркелген.
2024 жылы аталған Сесаяп өзені акулалар мен скаттар үшін маңызды халықаралық акватория (ISRA) деп танылды. 2026 жылдың мамыр айында ғалымдар сол аймаққа қайта экспедиция ұйымдастырып, тіркелген акулалар санын 43-ке жеткізді. Олардың басым бөлігі ауылдарда кептіріліп қойылған жүзбеқанаттар бойынша расталды.
Балық аулау қатері мен сауданың салдары
Жергілікті балықшылар Ганг акуласын әдейі ауламайды. Тұрғындар оның етін аса бағаламайды, ал жұқа жүзбеқанаттары азиялық нарықта жоғары бағаланбайды. Алайда жыртқыштар өзге кәсіптік балықтарды аулауға арналған торлар мен қармақтарға кездейсоқ түсіп, мерт болып жатыр.
«Save Our Seas» қорының ғылыми кеңесшісі Сара Фаулер аталған аймақтағы балықшылар жүзу торсылдағы аса қымбат бағаланатын горбыль тәрізді балықтарды көбірек аулайтынын жеткізді. Мұндай аулау құралдары сирек акулалар үшін қосымша ажал қақпанына айналып отыр.
Қорғау шаралары және жергілікті халықтың рөлі
2023 жылы жүргізілген сауалнама барысында жергілікті 221 балықшының біреуі ғана судағы сирек балық түрлерінің заңмен қорғалатынын білетін болып шықты. Сондықтан мамандар қатаң тыйымдар мен жазалардан гөрі, жергілікті қауымдастықпен бірлескен әдістерді енгізу қажет екенін ескертеді.
Зерттеуші әрі эколог Беная Симеон жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып шара қабылдаудың маңызын атап өтті.
«Енді біз бұл популяцияның бар екенін білеміз, бұл бізге тым кеш болмай тұрып әрекет етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.
Индонезияның ұлттық ғылыми мекемелері акулаларды толық мемлекеттік қорғауға алу үшін қосымша зерттеулерді жалғастырып жатыр. Ендігі басты мақсат — жергілікті тұрғындардың күн көрісіне кесірін тигізбей, әлемдегі ең сирек жыртқышты жойылып кетуден аман алып қалу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







