Қазақстанда кепілсіз онлайн тұтынушылық қарыз рәсімдеу және несиені қайта қаржыландыру тәртібіне кибералаяқтық пен шамадан тыс қарызданудың алдын алуға бағытталған жаңа талаптар енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
7 сұрақтан тұратын тексеру сауалнамасы
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен ережелерге сәйкес, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз онлайн несие бермес бұрын әрбір клиенттен арнайы сауалнама алуға міндеттелді. Жеті сұрақтан тұратын бұл тестілеу азаматтың бөтен біреудің психологиялық қысымына немесе алаяқтардың арбауына түспегенін анықтау үшін жасалған.
Жеті сұрақтан тұратын тестілеу азаматтың бөтен біреудің психологиялық қысымына немесе алаяқтардың арбауына түспегенін анықтау үшін жасалған.
Тексеру барысында клиенттен қарызды өз еркімен алып жатқаны, оған біреудің шұғыл ақша аудару туралы нұсқау берген-бермегені нақтыланады. Сондай-ақ банк қызметкерлерінен немесе туыстарынан несие рәсімдеу дерегін жасыру туралы кеңес алғаны не алмағаны және бұған дейін «шотыңызға қауіп төнді» деген күмәнді қоңыраулардың түскені сұралады. Егер клиент жауаптарынан күдікті белгілер байқалса, қаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізіп, шарт жасасуды уақытша тоқтатуға немесе несие беруден біржола бас тартуға тиіс.
Қайта қаржыландырудың жаңа тәртібі
Қайта қаржыландыру тәртібіне де маңызды өзгеріс енгізілді. Бұдан былай өзге қаржы ұйымындағы қарызды жабу үшін рәсімделген қаражат азаматтың қолына қолма-қол немесе картасына берілмейді. Жаңа несие ұсынған банк клиенттің рұқсатымен қаражатты тікелей ескі қарыз тұрған мекемеге аударады. Қаржы түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде алдыңғы берешек автоматты түрде жабылуы шарт.
Айта кету керек, елде бұған дейін заңнамалық деңгейде проблемалық берешегі 90 күннен асқан азаматтарға жаңа кепілсіз тұтынушылық қарыз беруге тыйым салынған болатын. Жаңа шаралар кешені қаржы нарығындағы тәуекелдерді азайтып, қарыз алушылардың құқықтық әрі қаржылық қауіпсіздігін күшейтуді көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







