Алматы соты Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір үкім шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол кәсіпкерді бопсалап, заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін 12 жылға сотталды.
Оның көмекшісі әрі жүргізушісі Мәди Батыршаев та кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейінгі сот отырыстарында Батыршаев өзіне тағылған айыпты мойындамай, судьядан әділ шешім күтетінін жеткізген болатын.
Айта кетсек, Гүлмира Сатыбалдыға былтыр да екі рет сот үкімі шыққан. 2023 жылдың маусымында Қызылорда соты оны бөтен мүлікті заңсыз иемденіп, талан-таражға салғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырған еді. Одан бұрын Астана соты Сатыбалдыны «Адам ұрлау» және «Өзінше билік ету» баптары бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Бұл жолғы істің басты себебі кәсіпкерге қысым көрсетіп, оның еркіндігін заңсыз шектеу және бопсалау фактілері. Бұған дейін Гүлмира ханым сот залына көзінен жас сорғалап жылап келгенін жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

