Ресейлік компаниялардың салық төлемдері қысқарды: бюджет 6 миллиард теңгеден айырылды деп хабарлайды ErtenMedia.kz Nege.Aqsha арнасына сілтеп.
Дерекке сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін ірі ресейлік компаниялар ел бюджетіне түсетін салық төлемдерін айтарлықтай қысқартты.
Нәтижесінде 14 компанияның төлеген жалпы сомасы 26,3 миллиард теңге болады, бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18,5%-ға төмен. 2022 жылы бұл сома 32,3 миллиард теңге болған еді, осылайша Қазақстан бюджеті 6 миллиард теңгеден айырылды.
Салық төлемдерін едәуір қысқартқандардың қатарында «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Орталық Азия», ВТБ Банкі, «КаР-Тел» («Beeline») және Wildberries бар. Алайда кейбір компаниялар, атап айтқанда, Ozon, Яндекс Қазақстан және «Росатом Орталық Азия» керісінше салық аударымдарын ұлғайтқан.
14 компанияның ішінде сегізі салық төлемдерін төмендетсе, бесеуі керісінше арттырған. Ал Яндекс.Такси өзінің бұрынғы деңгейін сақтап, 6,3 миллиард теңге салық аударған.
«Ресейлік бизнесмендер үшін Қазақстан ұзақ уақыт бойы «қауіпсіз аймақ» саналып келді, ал қазіргі қаржы көрсеткіштерінің төмендеуі Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың салқындап келе жатқанының айқын белгісі. Сонымен қатар бұл динамика Қазақстан нарығының ресейлік ойыншылар үшін тұрақты емес екендігін аңғартады», — дейді осы ретте сарапшылар.