Белгілі журналист Асхат Ниязовқа «Хутор» бандасы туралы айтып берген тұрғынды полиция ұстап алып кетті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы журналистің өзі телеграмында жазды.
«Дәл қазір полиция Талғар туралы шығарылымда «хуторлықтар» туралы айтып, сұхбат берген тұрғындардың бірін ұстап алып кетті. Оны психиатриялық ауруханаға алып кеткен», — деп жазды журналист.
Айта кетейік, шығарылымда талғарлық тұрғын «хуторлықтар» жасаған былықтар туралы айтып берген.
«Олар менің замандастарымның бәрін өлтірді. «Жабылып ұрып кетті» дейтін. Жанболат марқұмды ұрып-ұрып өлтіріп кетті. Менен бір жас қана үлкен болатын. Бұрыннан келе жатқан қылмыстар. Мынаның бәрі тек жалғасы. Ақшасы бар, «крышалары» бар, не істегісі келсе соны істейді», — дейді тұрғын.
Алматы облысының Полиция департаментінің мәліметінше, бұрын қоғамға қауіпті әрекеті үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, медициналық мекемеде мәжбүрлеп емделу жазасы тағайындалған азамат ұсталған.
Тұрғын құжатының мерзімі өтіп кеткендіктен үйіне жіберілген. Алайда тұрғын қашып кеткен көрнеді. Осылайша «хуторлықтар» туралы айтып берген тұрғын 21 қазанда қайтадан ұсталып, емханаға жатқызылған.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық заңгер, азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев “Хутор” бандасы жайлы сөз қозғады.
Айтуынша, мұндай қылмыстық топтар Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде кездеседі.
“Соңғы ақпараттарға сүйенсек, он бірінші күдікті қолға түсіпті. Оның тегінің алғашқы әрпі Хасан Қасымбаевпен сәйкес келеді деп жатыр. Бірақ ол расымен Қасымбаевтар әулетінің бірі ме, әлде жоқ па, белгісіз. Менің ойымша, бұл азаматтар тобы немесе осы топтың атауы белгілі бір аймақ пен бұрынғы атауға байланысты пайдаланылған. Бұл – Алматыда бұрыннан бар, яғни жастардың бейресми топтарын жергілікті ерекшеліктер бойынша бөлетін дәстүрдің көрінісі.
Менің ойымша, осы істе есімдері аталып жатқан бауырлар жас кездерінде “Хуторские” деп аталып келген. Алматыда, Казанда, Кеңес одағы кезінде де осыған ұқсас әлеуметтік топтар болған. Бұл тек Қазақстанда емес, әлемнің көп жерлерінде бар”, — деді ол Гиперборей YouTube арнасына берген сұқбатында.
Оның сөзінше, бүгінде жұрт олардың әрекетін өткен күндердің тарихымен байланыстырып отыр.