Семейде жаңа жылдық шыршаны безендірген мұғалім биіктен құлаған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және осы іс барысында мұғалімнің жарақат алуы — заңбұзушылықтың айқын көрінісі.
«Педагогтарды кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту — «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін. Осы орайда білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертемін. Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін», — деді шенеунік.
Кейінірек жағдайға облыстық Білім басқармасы өкілдері пікір білдірді.
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңа жылдық шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша Абай облысының білім басқармасы барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастады. Заң талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылады», — деп жазылған хабарламада.