Енді Ұлттық қор қаражатын пайдалану шектеледі. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ұлттық қордың қаражаты, сіз тапсырғаныңыздай, тек ірі инфрақұрылымдық объектілерді салу үшін ғана сұралатын болады. Сонымен қатар біз мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, бюджет тәртібін нығайтамыз. Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды», — деді Бектенов.
Еске салайық, бұған дейін депутат Еділ Жаңбыршин Үкіметті «Қорамсаққа қол салдық, қол салғанда мол салдық» деп Ұлттық қорға қол сала бересіздер» деп сынаған еді.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, Президент 2029 жылы жалпы ішкі өнімді 450 миллиард АҚШ долларына жеткізуге, ұлттық қорды 100 миллиард АҚШ долларына жеткізуге міндет қойды.
«Өздеріңіз де айтып отырсыздар. Махамбет айтқандай, Ұлттық қордан «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салдық» деп қайта-қайта ақша аласыңдар. Шектеу болуы керек деп өздерің де мойындап отырсыңдар. Самат Базарбайұлымен 2 пайыз шектеу қойғанбыз. Оны қолдаған жоқсыздар. Неге қолдамайсыздар?! Норвегияда 3-4 пайызға шектеп отыр ғой», — деді депутат.