Астананың Мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты. Астана соты мән-жайды баяндады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қызмет бабын пайдалана отырып, адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) М.-ға, сондай-ақ оған көмектескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) К.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады.
М. Астана қаласының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы бола тұра, Э.-мен бірге және К.-нің көмектесуімен 2016 жылы Есіл өзенінің жағалауындағы «Күн» субұрқағының құрылысын, оған қоса «Су сиқыры» және «Есіл өзеніндегі жарық иллюминациясы мен отшашу шоуы» шарасын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын сметалық бағаны арттыру, арзандау және сапасы төмен материалдарды қолдану арқылы талан-таражға салып, мемлекетке 1 млрд. теңгеден аса, аса ірі мөлшерде залал келтірген.
Сот былай үкім шығарды:
- М.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасының Президентіне М.-ны «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді;
- К.-ға кінәсін мойындағанын, өкінуін және қылмысты ашуға ықпал етуін ескере отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Астана қаласының Мәдениет басқармасы» ММ-нің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы толығымен қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.