Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының Embraer 190 ұшағына қатысты Қазақстан жариялаған алдын ала тергеу есебіне түсініктеме берді. Ведомство алдын ала құжатта бірқатар маңызды жайт расталғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia Minval.az-ға сілтеме жасап.
Ведомство мынадай мәлімдемелер жасады:
Алғашқы деректер бойынша Баку – Грозный бағытындағы ұшақ ұшуды бастар сәттен Грозныйға дейінгі аралықта техникалық тұрғыда жарамды болған. Екі қозғалтқыш та апат болғанға дейін ақаусыз істеген. Ұшақ Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде, соның ішінде Грозный әуежайы үстінде ұшқан кезде GPS сигналын жоғалтып алған.
Грозный маңында ауа райы қолайсыз болып, ұшақ екінші айналымға қонуға мүмкіндігі болмаған соң, капитан Бакуға кері қайтуды ұйғарған. Дәл сол кезде CVR (Cockpit Voice Recorder) мәліметтері екі сыртқы дыбысты тіркеген, олардың аралығы — 24 секунд. Ал FDR (Flight Data Recorder) деректерін салыстырғанда, алғашқы дыбыстан кейін 4 секунд өткенде 3-ші гидравлика жүйесі, 6 секунд өткенде 1-ші, ал 21 секундтан кейін 2-ші гидравлика жүйесі істен шыққаны анықталған.
Тергеушілер ұшақ корпусының артқы бөлігінде, әсіресе, тік және көлденең тұрақтандырғыштарда, сол жақ қанат пен сол жақ қозғалтқышта көптеген зақым табылғанын айтады. Бұған «сыртқы күштің» әсері себеп болуы мүмкін, алайда құстармен соқтығысу жайлы дерек жоқ. Фюзеляждағы бөгде заттар алынып, фотосуреттері жарияланған. Бұл заттардың нақты қайдан шыққанын анықтау үшін қосымша сараптамалар жүргізілмек.
Ұшақта 05:13:32-де негізгі басқару жүйелері істен шығып, 05:21:42-де диспетчер Грозныйға «Ковер» операциясы басталғанын хабарлаған. Алдын ала есепте оттегі баллонының жарылғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Ведомство өкілдері ICAO-ның Чикаго конвенциясына сәйкес, алдын ала есептен кейін бір жылдың ішінде апат себептерін толық қамтитын қорытынды есеп дайындалуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жұмысты Қазақстан мен тергеуге қатысушы өзге мемлекеттер бірлесіп жүргізуді бастап кеткен.
Айта кетейік, Баку – Грозный бағытына ұшқан Embraer 190 ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. AZAL компаниясының мәліметінше, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Қазақстан ТЖМ деректеріне сай, 29 адам аман қалды.