Астанада лифтіде бес жасар баланы пышақтаған жасөспірімнің анасына 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Stan.kz мәліметінше, әйел Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабына (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын немесе мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) сәйкес жауапқа тартылған.
Бұл бап бойынша айыппұлдың ең жоғары мөлшері — 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 78 640 теңге. Жасөспірім әлі де тергеуде, тергеу жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайы
Астана Полииця департаменті мәліметінше, балаға шабуыл жасаған кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қажет тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін жасөспірім бірден белгіленген тәртіппен оқшауланады. Оның заңды өкілі баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды», — деді ПД баспасөз қызметі өкілі бұған дейін.
Зардап шеккен бала туралы
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Оқиғадан кейін ол көпсалалы №2 қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған. Алғашында дәрігерлер оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.