Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілерде тараған қазақстандық блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдірді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл тізім ресми құжат болып саналмайды және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне еш қатысы жоқ.
«Әлеуметтік желілерде тараған тізім мемлекеттік кірістер органдары жүргізген салық бақылауының ресми актісі емес», – деп мәлімдеді комитет өкілдері Tengrinews.kz-ке.
Айта кетейік, желіде тараған тізімде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның 2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
Еске салсақ, қазақстандық блогерлерге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Енді оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова қазақстандықтардан блогерлердің табысына қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Оның сөзінше, блогерлерге салықтық хабарламалар 2025 жылдың ақпан айында 2022-2023 жылдарға жүргізілген деректерді талдау нәтижесінде жіберілген.