Сенатта арақ-шарап ішіп рөлге отырған жүргізушілердің жазасын жеңілдету мәселесі талқыланып жатыр. Қазіргі тәртіпке сай, мас күйінде көлік тізгіндеген адам 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл туралы «Әшкере» арнасы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутаттар пікірінше, бұл — мерзім өте ұзақ, әрі талай адамның негізгі табыс көзін шектеп, отбасын асырауында қиындық туғызып отыр.
«Егер ол адамның мамандығы жүргізуші болса және жазаланса, отбасын асырап, ақша табуы керек қой. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: 7 жыл тым көп емес пе? Олар бізге жазады, маған да бірнеше өтініш түсті. Жұрт «жазамызды алдық, 15 күн отырдық, өз кінәмізді түсіндік» дейді. Мерзімін қысқартуды сұрайды», — деді сенатор Марат Қожаев Сенат дәлізінде.
Кезінде мас күйінде көлік басқарғандар 1 жылға дейін куәлігінен айырылатын. Соңғы өзгерістерден кейін бұл мерзім 7 жылға дейін ұлғайтылған еді.
«Көлікті араққа сылқия тойып айдайтындар көбейіп кетті. «ДТП-дан «көз ашпай кеттік» деген болатын сол кездері полиция.
Сенатор, бұрынғы ІІМ басшысының орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, ұзақ мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтар саны күннен-күнге өсіп, олардан келетін шағым да көбейген. Жеті жылдай көлік жүргізе алмау табысынан айырылғанмен тең. Ал ел пікірі екіге жарылған: бір топ жазаны жұмсартуды қолдаса, екінші тарап қоғамдық қауіпсіздікті сақтау маңызды дейді.
Айта кетейік, кеше Мәжілісте де депутат Николай Арсютин мас күйде көлік айдағаны үшін жазаны қысқартуға шақырып, бұл әлемдегі ең қатал шаралардың бірі екенін мәлімдеді.