Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов композитор Арман Дүйсеновтің ұлының өлімі туралы шындықты айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат Qazaq Airan You Tube арнасына берген сұхбатында журналистің «Талғар оқиғасына ұқсас жағдайлар Үржар мен Мақаншыда да болды дедіңіз, сол рас па?» деген сауалына жауап берді.
«Шерзаттың ісі бір әулеттің оқиғасы. Иә, бұл аянышты әрі қайғылы жағдай. Ешкімнің басына бермесін. Бірақ осыны саясат қылғысы келгендер болды дегенмен келіспей қоя алмаймыз. Блогерлердің шулауының мақсаты — Үкіметте дүмпу тудыру. Қоғамды даусы қатты шығатын және айтқан сөзі өтетін адамдарды соған тартқысы келді. Бізде, қоғамда «мен айтып жатырмын, сен неге үндемей отырсың?» деген әңгіме бар», дейді депутат.
Осы тұста Зайытов Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты пікір білдірді.
«Арман Дүйсеновтің баласының тергеу материалдарымен толық таныстым деп айта алмаймын. Бірақ бірінші келген протоколда асылған адамның екі қолы байлаулы деп анық жазылған. Соны неге зерттемейсіздер, шуламайсыздар? Өйткені бұдан ешкім саясат жасап жатқан жоқ. Ал мен Абайдың жерлесімін. Көп айтса, көнді. Жұрт айтса, болды, қылығы надан адамның дегенді мен мына жеріме жазып алғанмын. Егер өзімнің қалауым болмаса, мені ешкім ол жерге сүйреп апара алмайды», — дейді Ринат Зайытов.
Еске салайық, былтыр 8 қазанда Алматыда композитор Арман Дүйсеновтің ұлы көз жұмды.
Әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында Арман Дүйсеновтің тұңғышы Абылай Арманұлын біреулер қастықпен өлтірді деген суық хабар жеткенін айтқан еді.
«Иманы саламат болсын, өлтірген адамды тауып, жазасын беру керек, Айсұлу айналайын, Алла сабыр берсін, кеше ұшып кетіп едім, туғандарына, анасына, қарындасы мен бауырына қайғырып көңіл айтамын», — деп жазды әнші.
Кейін Алматы Полиция департаменті бұл дерекке қатысты пікір білдірді.
«Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр», — дейді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Танымал композитор Арман Дүйсеновтің өзі 2023 жылы 24 қаңтарда өмірден өтті.