Бірнеше күннен бері «салық бойынша берешегі бар» блогерлерге қатысты дау қызу талқыланып жатыр. Бүгін Мемлекеттік кірістер комитеті тағы бір мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 19 ақпанда 93 блогерге 9,8 млрд. теңге көлемінде жіберілген хабарламаны кері қайтарған.
«Хабарламалардың қайтарылу себебі — оларды жіберу және өңдеу процесінде техникалық ақаулар пайда болуы», — деп жазылған хабарламада.
Алайда комитет техникалық ақаулар жойылғаннан кейін 93 блогерге хабарламалар қайта жіберілетінін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін желіде блогерлердің тізімі тарады. Оның ішінде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның «2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені» көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
Еске салайық, қазақстандық блогерлерге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Енді оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова қазақстандықтардан блогерлердің табысына қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Оның сөзінше, блогерлерге салық хабарламалары 2025 жылы ақпанда 2022-2023 жылдарға жүргізілген деректерді талдау нәтижесінде жіберілген.