Қазақстан азаматтарының оффшорда жатқан заңсыз ақшалары анықталды. Шамамен 1,4 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Көбі Панама, Вануату, Сан-Марино аралдарынан табылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Қазір оффшорлық юрисдикцияларда ашылған азаматтарымыздың банк шоттарындағы ақша сомасы ө 1,4 млрд теңге. Ең көп сома Панама республикасы (1,2 млрд теңге), Вануату (0,2 млрд теңге), Сан-Марино (0,1 млрд теңге) сияқты елдерге және т. б. тиесілі», — деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шет мемлекеттердің салық органдарынан алынған ақпарат негізінде Қазақстанның 2 мыңнан аса резидентін тексерген. Нәтижесінде 1 602 қазақстандық 5,4 млрд теңге сомасына ЖТС төледі. Алынған кірістерден, соның ішінде дивидендтер мен сыйақылар түріндегі ең көп сома Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Түркия және т. б. елдерге тиесілі.
«Жыл сайын ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің құзыретті органдары автоматты алмасудың бірыңғай стандарты (CRS) шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ, бенефициарлық меншік иелерінің шоттары туралы деректермен алмасады. Деректер алмасудың арқасында Қазақстан бюджетіне 5,4 млрд теңге түсті. Қазақстан CRS шеңберіндегі ынтымақтастық географиясын кеңейтуді жалғастырады. Егер 2021 жылы деректер алмасу 51 юрисдикциямен жүзеге асырылса, 2024 жылы олардың саны 89-ға жетті, оның ішінде 26 оффшорлық ел бар», — деп жазылған ресми ведомство хабарламасында.