Ақтауда әкімнің жаңа орынбасары болып Әсет Шопанов тағайындалды, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Әсет Шопанов Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің түлегі. Ол еңбек жолын 2002 жылы Бейнеу ауданы әкімінің аппаратында бас маман ретінде бастаған. 2003-2018 жылдар аралығында Бейнеу ауданы әкімдігінде түрлі қызметтер атқарды.
2018-2020 жылдары Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әртүрлі лауазымда жұмыс істеді. 2020-2022 жылдары осы басқарма басшысының орынбасары болса, 2022-2024 жылдары басқарма басшысы қызметін атқарды.
Мас күйде көлік жүргізу дерегі
Жергілікті БАҚ ақпаратына сүйенсек, былтыр Әсет Шопанов мас күйінде көлік тізгіндеп, полицияға ұсталған. Сол кезде ол Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген.
Сот шешімімен ол ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Сонымен қатар, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Кейін Маңғыстау облысы әкімдігі оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеді.