Алматы облысындағы Боралдай ауылында жаңа қоныс иелеріне кілт тапсыру рәсімі өтті,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік осал санаттағы 22 отбасы баспанаға ие болды. Жыл соңына дейін ауданда тағы 200 жалдамалы пәтер беріледі деп жоспарлануда.
Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетовтың айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты әлеуметтік міндеттердің бірі.
«Біз әр отбасы, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жеке баспананың маңыздылығын жақсы түсінеміз. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, мүмкіндігінше кезектегі азаматтардың армандаған пәтеріне қол жеткізуіне жағдай жасаймыз», — деді аудан әкімі.
Іле ауданында қандай үйлер салынып жатыр?
Қазір Өтеген батыр кентінде 72 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл пәтерлер «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі.
«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы қолжетімді баспана мәселесін шешуге және мыңдаған қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.