Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда қандай мәселелерді көтергенін айтты, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық құрылтайдың бірінші күнінде «Руханият. Өнер. Мәдениет» секциясының отырысы өткен. Осы отырыста құрылтайдың 21 мүшесі өз ой-пікірін бөліскен.
Депутат мемлекеттік тіл мәртебесін одан әрі көтеру бойынша мынадай ұсыныстар жасады.
- Тұрғындарының 90% астамы қазақ ұлтынан тұратын өңірлерден бастап, мемлекеттік органдарда іс-қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізу процесін бастау.
- Басқа өңірлердің мемлекеттік органдарында іс-қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізуді, қазақ ұлтының үлесін ескере отырып, кезең-кезеңмен жоспарлы түрде өткізу», — деп жазды ол.
- «Мұрын жырау мұрасын ЮНЕСКО-ның бейматериалдық құндылықтар тізіміне енгізу;
- «Қырымның қырық батырын» білім ордаларының (мектеп, колледж, ЖОО) оқу бағдарламаларына енгізу;
- республикалық деңгейде арнайы аталып өтетін тұлғалардың тізіміне Мұрын жырау Сеңгірбекұлын енгізу», — деді ол.
«Тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселеде Парламент депутаттарын толық қолдаулары қажет!» — деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ, мәдени-көпшілік шараларда фонограммамен ән айтуға тиым салуды ұсынды.
«Министр Аида Балаева таланттарды шығаруда бұл мәселені қолдайтынын, барлық тараптармен бұл мәселені жан-жақты талқылап, шешім қабылдау керектігін айтты», — деп жазды депутат.
Жаңбыршин дубляж мәселесін де тілге тиек етті.
«Қазақстанға шет елден келетін көркем фильмді дубляж жасауды бір компания алып алған, яғни монополист. Ол компания дубляжды тек басқа тілде аударып отыр, фильмдерді мемлекеттік тілге аудару жоқтың қасы. Енді осы компанияға фильмдерді мемлекеттік тілге аударуға талап қою немесе лицензия талаптарын қайта қарап, бәсекелестік жағдай жасап, басқа да дубляж жасайтын компанияларға жол ашу қажет», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.