Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті. Турнирге 10-нан астам мемлекеттен, еліміздің әр өңірінен келген балуандар 10 салмақ дәрежесінде белдеспек,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Рәсімге Тәйімбет Көмекбаевтың ұлы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Бағбан Тәйімбетов, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Аймақ басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірдің спорт саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталды.
«Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңіріне қош келдіңіздер! Баршаңызды Кеңес Одағының батыры, даңқты жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнирдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі», – деген болатын.
Сыр өңірінде соңғы үш жылда 18 спорт кешені салынып, іске қосылды. Өткен жылы «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд. 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық орталық стадион салынуда. «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы ел игілігіне табысталады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы мамыр айында бірқатар спорттық үйірмені қоса қамтитын «Шығармашылық академиясы» ашылады.
Спорт – мемлекетіміздің мерейін үстем ететін, тұрғындарды салауаттылыққа жетелейтін маңызды сала. Бүгінгі халықаралық жарыс өздеріңізге қарап бой түзейтін жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеп, спорттағы бәсекелестікті қалыптастыруға, татулықты нығайтуға септігін тигізетін дода болады деп сенеміз. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, шын мықтыларға жеңіс тілеймін», – деді Н. Нәлібаев.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, батырдың ұрпағы Ардашер Шайымбетов сөз сөйледі.
Жарыстың қадірлі қонағы, қырғыздың атақты балуаны, Әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола медальдарының иегері Ақжол Махмудовқа дәстүрге сай иығына шапан жабылды.
Айта кетейік, Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар өткізіліп келеді. Биылғы еске алу шарасының ерекшелігі – грек-рим күресінен халықаралық турнир тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Бұған дейін батыр ұрпақтары үйлестіріп келген турнир биылдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық деңгейде өткізілуде.