Абай облысының әкімі Берік Уәли «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесті,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Кездесу барысында қор тарапынан 3 жылдың қорытындысы бойынша жүзеге асқан қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының нәтижелері туралы айтылды. Ұсыныстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Қор құрылғалы Абай облысында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу мақсатында 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Өңірдегі 7 мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңғыртылған. Биыл жыл соңына дейін тағы 4 білім ордасы жаңартылады. «Балаларға арналған 100 спорт залы» бағдарламасы аясында аймақтың 17 ауылындағы спорт залы қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Басқосуда қоғамдық қордың басқарма төрайымы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Абай облысы арасындағы жолға қойылған тұрақты әріптестік байланыс одан әрі жалғасатынын жеткізді.
Кездесуде облыстағы шағын жинақты мектептер мен оқушыларға қосымша білім беретін мекемелерді жаңғырту, ауылдардағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды.
Аймақ басшысы қор ұжымына өңір халқының атынан алғысын жеткізіп, облыс әкімдігі қормен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
«Президентіміздің тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өңір халқына қажет жобаларды жүзеге асыруда. Әсіресе ауыл тұрғындары қорға ризашылықтарын білдіріп жатыр. Біз биыл облыс көлемінде мектептер мен кітапханаларды жаңғырту бойынша 40-қа жуық жаңа жобаларды сіздермен бірлесе отырып жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімі.