Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде айрықша құрметпен аталып өтіп жатыр. Батырлық пен бейбіт күннің қадірін ұғындыратын бұл бастамалар — ел тарихына тағзым, болашаққа аманат.
Орал қаласындағы Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ұйымдастырылған «Жеңістің рухы — биік, даңқы — мәңгі» атты салтанатты шарада соғыс жылдарынан сыр шертетін әскери техника мен фотожәдігерлерден арнайы көрме қойылып, жастарға батыр бабаларымыздың ерлігі туралы тағылымды деректер ұсынылды.
«Генералдар кеңесінің» кезекті Жәнібек ауданына сапары ауданның мәртебесін көтеру жолында жасалған маңызды қадам болды. «Қаһарман аудан» мәртебесі бұған дейін Жәнібек ауданына берілгенімен, оның заң жүзінде бекітілмегені белгілі. Генералдар мен жергілікті билік өкілдері осы мәселені талқылап, ауданның мәртебесін ресми түрде заңдастыруды мақсат етті. Бұл сапар ауданның тарихи орнын нығайтып қана қоймай, еліміздің батыс өңіріндегі ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде де өзіндік үлесін қосты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл іс-шаралар — тек тарихты еске алу емес, рухты көтеріп, ұлттың жады мен болмысын жаңғырту. Ерліктің отын өшірмей, келешекке жеткізу — баршамыздың ортақ парызымыз!