Маңызды шараның ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Әділет Омаров пен белгілі режиссер Талғат Теменов, аймақтағы мәдениет саласының өкілдері мен зиялы қауым қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев отандық кинематографияны насихаттау жөніндегі жұмыстың маңызын атап өтті:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда киноиндустрияны дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударған болатын. Бұл бағыт – жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мен қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды тетігі. Өңірлерде мемлекет қаржыландыратын фильмдерді ұлттық киноны кеңінен насихаттауға көмектеседі, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Әділет Омаров Кино күндері аясында ұсынылатын фильмдерге тоқталды.
– Тарих беттерін ашып көрсететін картиналар ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуда, сондай-ақ мәдени мұраны сақтауда маңызды рөл атқарады. Ал Орал қаласында онкүндіктің ашылуы осы жолдағы маңызды қадам.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақтың қайсар қыздары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туған жерінде біз алдымен «Қара қыз» көркем фильмін ұсынуды жөн таптық. Бұдан бөлек, қоржынымызда тағы бірнеше фильм бар. Осылайша, біз Орталықтың қолдауымен түсірілген барлық жобаның көрерменге жетуін қалаймыз. Бұл бағытта облыс орталығы ғана емес, аудан, ауылдар бойынша арнайы көрсетілім кестесі жасалды, әкімдіктің қолдауымен бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз, – деді Әділет Омаров.
Отандық кино онкүндігінің бірінші күні көрермендерге белгілі режиссер Талғат Теменовтың «Қара қыз» фильмі ұсынылды. «Қара қыз» – қаһармандық туралы фильм. Мұнда соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек еткен азаматтардың адами құндылықтары баяндалады.