Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайға жасаған ресми сапары аясында логистика саласындағы әлемдік алып компания – YTO Express Co.-ның бас кеңсесінде болып, оның негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Ю Вэйцзяомен кездесті.
YTO Express – Қытайдағы экспресс жеткізу нарығының көшбасшысы және осы саладағы «үлкен бестіктің» қатарына кіреді. Әлемдік деңгейдегі ірі компания бүгінде құрлық, теңіз және әуе арқылы жүк тасымалын жүзеге асырып, озық IT-шешімдер мен ақылды сұрыптау орталықтарын дамытуда. Компанияның дүниежүзі бойынша 5100-ден астам филиалы, 133 ірі логистикалық хабы және 80 мыңға жуық терминалы бар.
Кездесу барысында Алматы облысының басшысы Марат Сұлтанғазиев мұндай алып компаниялармен әріптестік орнатудың стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті.
Әсіресе, Алматы облысының «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясында халықаралық көлік-логистикалық орталыққа айналу мүмкіндігі зор.
Қазіргі таңда YTO компаниясы Алматы облысын Дубай, Сидней және Лос-Анджелес секілді ірі мегаполистермен қатар өзінің жаһандық логистикалық стратегиясындағы басым бағыт ретінде қарастырып отыр.
Келіссөздер кезінде тараптар компанияның Алматы облысындағы қызметін кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және инновациялық логистикалық шешімдерді енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Бұл сапар Алматы облысына заманауи технологиялық инвестициялар тартуда және өңірдің халықаралық экономикалық байланыстарын нығайту жолында жасалған маңызды қадамдардың бірі болды.