Ресейдің Магнитогорск қаласында Қазақстан азаматы соғысқа қатысудан бас тартып, әскери бөлімнен қашқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса 100 мың рубль (600 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz 1obl.ru-ға сілтеп.
Қазақстан азаматы 2024 жылдың қыркүйегінде Ресей қорғаныс министрлігімен әскери келісімшарт жасасып, әскери борышын өтеу үшін ақша алған. Алайда, Магнитогорск гарнизоны әскери сотының хабарлауынша, ол 1 қазан күні белгіленген мерзімде «қызметіне» қайта оралмаған.
Осыдан кейін азамат жалға алған мотоциклмен шекараға дейін жетіп, Қазақстанға өтпек болған. Бірақ 2024 жылғы 15 қазанда Челябинск облысының Варнен ауданында Ресейдің шекара қызметкерлері оны ұстап алған.
Сот шешімімен ол Ресей Қылмыстық кодексінің «дезертирлік» және «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту әрекеті» бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталды.
Қазақстанда өзге мемлекет аумағындағы соғысқа қатысу немесе жалдамалы (наёмник) болу – қылмыс. Мұндай әрекетке барған адамға 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал жалдамалылықпен (наёмничество) айналысқандарға 7 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, азаматтығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.
Айта кетейік, Магнитогорск сотының бұл шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.