Абай облысы Семей қаласының іргесіндегі «Өндіріс» индустриалды аймағында микрочиптер мен электроника бұйымдарын шығаратын заманауи жоғары технологиялық зауыттың құрылысы басталды.
Жобаны Suto Kazakhstan Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны жүзеге асыруда деп хабарлайды Ertenmedia.
Жоба жақында ғана Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай» халықаралық форумында ресми таныстырылды.
Сол жиында Абай облысы мен Қытай инвесторлары арасында жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Соның ішінде Семейде қолға алынған зауыттың құрылысына 50 млн доллар инвестиция тартылған.
2025-2028 жылдар аралығында үш кезеңмен салынатын өндіріс орны болашақта микрочиптер, микросхемалар, оптоэлектронды модульдер, интеллектуалды басқару құрылғылары және электронды дисплейлер шығаратын болады.
Өнімдер Қазақстан нарығына ғана емес, халықаралық нарыққа да жеткізілмек.
«Семейде заманауи «Made in Kazakhstan» белгісімен микрочип шығаратын зауыт бой көтереді. Бізге 20 гектар жер бөлінді. Бірінші кезеңде негізгі ғимарат пен өндірістік кешен салынады. Егер құрылысты 90 күн ішінде аяқтай алсақ, бірден алғашқы өндіріс желісін іске қосамыз», – дейді Suto Kazakhstan компаниясының негізін қалаушы Ернұр Болатұлы.
Оның айтуынша, жоба Қазақстанда бұрын-соңды толық циклда өндірілмеген, тек құрастырылған чиптерді нөлден бастап шығаруды көздейді.
Жоба президент Тоқаевтың Қазақстанды аймақтағы технологиялық хабқа айналдыру жөніндегі ауқымды жоспарының бір бөлігі. Бұған дейін еліміз аймақтағы ең қуатты суперкомпьютерге қол жеткізген болатын.